Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыс аумағында қолға алынған ірі кәсіпорындары жайлы айтты. Ол бүгін Саран қаласында орналасқан өндірістер туралы тоқталды.
Соңғы уақытта мен Саран қаласында іске асырылып жатқан жобалар туралы жиі айтып жүрмін. Оған себеп мұнда автобустар мен автомобиль шиналарын шығаратын зауыттар құрылысының жүргізілуі болды. Дегенмен Саран қаласында бұдан басқа да индустриялық нысандар жақсы дамыған. Саран кәсіпорындарының 87% - дан астамы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді. Моноқаланың 56 өнеркәсіптік кәсіпорны 5,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Соңғы 10 жылда қалада ірі панельді үй құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты салалар дамыды. Сонымен қатар «жасыл» энергетикадағы жаңа бағыт та игерілді. Мұнда қуаты 100 МВт болатын «Саран» күн электр станциясы пайдалануға берілді - деді Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бірнеше кәсіпорын телекоммуникацияларға, сумен және газбен жабдықтау жүйелеріне арналған полиэтилен құбырлары мен фитингтерді өндірумен айналысады.
Бұл «Карал Plast» Қазақстан-Герман бірлескен кәсіпорны, «Aqua Plast» ЖШС. Ал «КАЗФИТИНГПЛАСТ» ЖШС құбыр желісінің болат жалғағыш бөлшектерінің жалғыз отандық өндірушісі. «Восход» ЖШС және «СКЭП» ЖШС көлік, мұнай және өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы үшін резеңке техникалық бұйымдарды әзірлейді. «Kazcentrelectroprovod» зауытында 300-ге жуық адам құрылыс, машина жасау және металлургия, көлік коммуникацияларының қажеттіліктері үшін сапалы кабельдік-өткізгіш және телекоммуникациялық өнімдерді шығарады. Зауыт өнімдері Ресей, Өзбекстан және Еуропа елдеріне экспортталады. Galex Plus Саран тігін-трикотаж фабрикасы да өзінің өнімдерімен танымал. Жыл сайын мұнда 150 мың сыртқы киім шығарылады - деді ол.
Барша қарағандылықтар «Дедов» сауда маркасының шұжық өнімдерімен және еттен жасалған жартылай фабрикаттармен жақсы таныс.
Бұл кәсіпорында 114 адам еңбек етеді. Сондай- ақ «ЖБИ-5 зауыты» ЖШС жұмыскерлері құрылыс қажеттіліктері үшін 150 мың тонна тауарлық бетон және темірбетон бұйымдарын шығарады. «ККК Бетон» ЖШС көпқабатты тұрғын үй кешендерін және коттедж үлгісіндегі аз қабатты үйлерді салу үшін 75 000 м3 қабырға панельдерін, қадалар мен жабын плиталарын шығарады. Sunpaper ЖШС Қазақстан мен ТМД елдерінің нарықтарын өз өнімдерімен қамтамасыз ете отырып, шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдерін шығарады. Қазір «СТАРПЛЕКС» ЖШС өнімдері сұранысқа ие. Олар ауруханалар мен кәсіпорындарға техникалық және медициналық оттегіні жеткізеді. Жалпы алғанда, қала кәсіпорындарының өнімдері тұрғын үй құрылысын және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сұранысқа ие екендігі қуантады. Қаланың одан әрі дамуы, ең алдымен шағын және орта бизнестің дамуымен тығыз байланыста болатыны анық - деді әкім.