Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісуді жөн көрдім. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі жолды қайта құруды бастау туралы тапсырма берді.
Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бұл жол бұрыннан бері жөндеуді қажет етіп келеді. Аталған мәселе туралы облыс тұрғындары да бірнеше мәрте жазған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша бүгінде «Жезқазған - Қызылорда облысының шекарасы» автожолының 208 км қайта жаңартуға жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталды. Бұл жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде қосымша жұмыс орындарын құруға, Жезқазған мен Ұлытауға үлкен көлемдегі жолаушылар мен жүк ағынын тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл министрлік «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» учаскелерінде жаңа төрт жолақ бойынша жол қозғалысын ашатын болады, - деп жазды ол.
Айтуынша, Үкімет отырысында «Қарағанды – Жезқазған», «Қарағанды-Қарқаралы» жол учаскелерін жедел түрде қайта құру мәселесі айтылды.
Бұл учаскелер бойынша орталық мемлекеттік органдар жолдарды төрт жолақты қозғалыс қарастырылған бірінші санатқа ауыстыру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуде. Бұған қоса жөндеу жұмыстарымен жергілікті жолдардың 700 шақырымы қамтылады. Жөндеу жұмыстары 80 ауылда, сондай-ақ облыстың барлық қаласы мен ауданында жүргізіледі. Бұл жұмыстарға өңірдің 59 асфальт-бетон зауыты, 3 мың бірлік арнайы техника және 5 мың жол жұмысшысы тартылады, - деді әкім.
Ол қолданылатын материалдар мен жүргізілетін жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылатынын айтты. Бұл үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен тиісті шарттар жасалды.