Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек академик Серік Қирабаевтың қазасына қатысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты. Әкім бұл туралы өзінің facebook-парақшасында жазды.
Еліміздің білім және ғылым саласы мен әдеби-мәдени ортасына кеңінен танымал ардақты азамат, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, қадірлі жерлесіміз Серік Смайылұлы Қирабаев 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Ол әдебиеттану саласының абызы дәрежесіне көтерілген тау тұлға еді. Әдебиет, мәдениет және білім саласында талмай еңбек етіп, аянбай тер төгіп, ғұмыр бойы ізденістен танбаған Серік Смайылұлы туған еліне 70 жылға жуық шығармашылық дәуірін сыйлап, ұлтына адал еңбек етті.
Серік Смайылұлы Қирабаев филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері болды, - деп жазды Қасымбек.
Өңір басшысы атағандай, ақылы кемел, пайымы терең, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, танымал әдебиетші Серік Смайылұлының шұрайлы шығармашылығы мен кісілік келбеті кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі болып қала береді.
Ізденіспен өткен ізгі ғұмыр иесінің барша ағайын-туыстары мен отбасына, жанашыр жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, - деді әкім.