Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей президенті Владимир Путин коронавирус індетінің таралуына байланысты 9 мамырда Жеңіс күніне орай өтетін парадтың уақытын шегеруді ұсынды.
Путин бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінің жиынында айтты. Бұған дейін соғыс ардагерлері мен бірқатар ұйымдар президентке Жеңіс мейрамын шегеруді ұсынған болатын.
Биылғы жылы Жеңістың 75 жылдығы Ресей ғана емес, өзге де посткеңестік елдерде жоғары деңгейде белгіленеді деп жоспарланған болатын.
Мәскеуде өтетін пардқа 15 мыңдай жауынгер, 400-ге жуық әскери техника қатысады деп болжанған еді. Сонымен қатар, Францияның, Индияның, Кубаның, Венесуэла мен Чехияның басшылары парад салтанатын тамашалауға келеді деп жоспарланып, олар қатысуға уәде берген болатын.
Ресми Мәскеу бұған дейін парад уақыты басқа күнге ауыстырылмайтынын айтып келген болатын. Елдің Қорғаныс министрлігі қандай жағдай болмасын парадты уақытында өткізуге барын салған еді.
Әзірге парад уақыты қай күнге белігіленетіні белгісіз. Ресей басшысы коронавирус тоқтай салысымен парад өткізуге дайын болуды керектігін ескертті.
Естеріңізде болса, Қазақстан да Жеңіс күніне арналған салтанатты шеруді кейінге қалдырған болатын.