Бұл сұрақ әлеуметтік желіде соңғы күндері қызу талқыға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
29 мамырда Mecenat.kz әдеби сыйлығының дауыс беру кезеңі басталды. Жеңімпаз өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар сыйақыға иеленіп отырады. Оны оқырман дауыс беру арқылы анықтайды. Алайда әдебиеттанушы Анар Қабылқақ дауыс саны үздік романды анықтай алмайтынын алға тартады. Жазушы Смағұл Елубай болса, жеңімпазды дауыс берген оқырманның саны емес, сапасы анықтау керек деп санайды.
«Mecenat.kz спорттық жарыс болып кетті»
Анар Қабылқақ Mecenat.kz байқауы жеңімпазын дауыс беру арқылы анықтау ақылға сыймайтынын алға тартып, неліктен олай ойлайтынын түсіндіріп берді.
Финалға бірнеше роман өткен екен, соның ішінде фейсбук желісінде достығымда бар бір автор ашықтан-ашық дауыс беруге шақырып, үй-ішімен тіркелуді сұрап отырды. Кісілерді тіркейтін бірнеше адамдарды ұйымдастырып, олардың нөмірін сторисына салып та қойды. Қазір, әрине, оның бәрін жым-жылас өшіріп тастаған. Бірақ чаттарда скриндері көп жүрді, тауып алуға болады, - деді ол.
Сондықтан Анар Қабылқақ үздік романды анықтау тетіктерін қайта қарау керек деп есептейді.
Mecenat.kz байқауы спорттық жарыс болып кетті, қателеспесем, дауыс санымен озған роман мыңнан аса дауыс жинады-ау деймін. Сол сияқты, арасында 20-30 дауыс жинаған романдар да бар. Бұл романдардың нашар екендігін білдірмейді, қайта бұл «жарыс» ұйымдастыруға қатыспаған авторлардың шығармалары деуге болады. Mecenat.kz-те осындай шикіліктер бар. Егер үздік романды анықтау тетіктерін қайта қарамаса, мұндай байқауға қатысып та қажеті жоқ, - деді әдебиеттанушы.
Ол байқау шикіліктеріне дауыс беру үшін сайтқа кірудің қиындығын да жатқызды.
Ұйымдастырушылар мұны «егер дауыс берушілер оп-оңай кірсе, кім болса сол дауыс береді» дейді. Сондай жауап бола ма? Есесіне, компьютер тілін білмейтін үлкендер жағы дауыс беруден қатты қиналды. Фейсбукте пост жазып, «осы дауысым есептелсін» дегендер болды. Комментарий жазып, «дауысымды осы комментарий арқылы бердім» дегендер болды. Mecenat.kz-тің әлі де жетілдіре түсетін тұстары көп. Піспеген, шикі жоба екеніне осы жолы көзім жетті, - деді ол.
«Үздік романды желідегі адамдардың сапасы анықтау керек»
Жазушы Смағұл Елубай Mecenat.kz байқауында өзі дауыс берген шығарманың авторын қолтаңбасынан танығанын айтады.
Мен осы жолы бұл конкурсқа қатысқан шығармаға дауыс бердім. Ол – аса талантты жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Өлгендер қайтып келеді» романы. Бұл байқауда қатысушының аты-жөні көрсетілмеген, бірақ Тұрсекеңнің өзіндік қолтаңбасын дөп басып тануға болады. Бұл ерекше жазылған роман, автордың қиял-шарықтаулары жетіп артылады, - деді ол.
Сондай-ақ жазушы «Өлгендер қайтып келеді» романы автордың осының алдында жарық көрген «Мен жындымын» романының заңды жалғасы екенін айтып, шығарманың көркемдік шешімінің ерекшелігіне тоқталды.
Бас кейіпкері – жазушы, бірақ ол 90-шы жылдардағы дүрбелеңде жазуды тастап, базар жағалап кеткен көп қазақтың бірі. Соңғы романда әлгі кейіпкер мына дүниеден бақиға өтіп, жер бетінде не болып жатқанын көктен бақылап отырады. Жазушы бұл дүниеге деген көзқарасты о дүниеде жүрген бас кейіпкердің көзімен береді. Осы тәсіл арқылы біраз шындыққа көзімізді ашып береді. Яғни романның көркемдік шешімі өте ерекше дегім келеді, - деді Смағұл Елубай.
Ол «Өлгендер қайтып келеді» романын бас бәйгені алуға бірден-бір лайық шығарма деп санайды және дауыс берген оқырманның сапасына назар аударуға шақырады.
Айтқым келгені, үздік романды дауыс берген желідегі адамдардың саны емес, сапасы анықтауы керек. Мен дауысымды Тұрысбек Сәукетайдың осы романына бердім, - деп түйіндеді сөзін жазушы.