2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ресми түрде жаңа 232-1-бап енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа бап соңғы жылдары интернет-алаяқтық схемаларында негізгі элементке айналған дропперлік әрекеттерге қатысты жауапкершілікті белгілейді.
Енді дропперлік заңнамалық деңгейде банктік шоттарға, төлем құралдарына және сәйкестендіру деректеріне қол жеткізуді беру, алу немесе пайдалану, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін сыйақы алу арқылы ақша аудару сияқты заңсыз қаржылық операцияларды жүзеге асыру әрекеттері ретінде түсіндіріледі.
Қылмыстық топтар ұрланған қаражатты нақ осы дропперлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, ізін жасырады және жауапкершіліктен жалтарады. Енді мұндай схемаларға қатысқандар нақты қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жасалған әрекеттердің сипатына, зардаптардың ауырлығына және алынған пайда көлеміне қарай құқық бұзушыларға айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілеумен қатар 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - делінген Құқық қорғау органдарының хабарламасында.