АҚШ әкімшілігі мен Украина делегациясы Женевада өткен келіссөздер барысында Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі бейбіт жоспарды нақтылау және жетілдіру үшін консультацияларды жалғастыруға уағдаласты. Бұл туралы Ақ үй таратқан бірлескен мәлімдемеде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақпаратқа сәйкес, екі тарап келіссөздерді «өте нәтижелі» деп бағалап, бірқатар позициялар бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін атап өтті. Талқылаудың негізгі мақсаты – Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамптың алдағы кездесуі алдында бейбіт ұсыныстың жаңартылған мәтінін келісу.
Женевадағы жиынға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, президент Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Украина делегациясының ресми өкілдері қатысты. Пікірталас нәтижесінде 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар бастапқы нұсқамен салыстырғанда өзгертіліп, нақтылай түскені айтылды.
Тараптар кез келген болашақ келісім Украинаның егемендігіне толық сәйкес келуге және тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталуы тиіс екенін растады. Екі ел ұсыныстарды пысықтауды алдағы күндері жалғастырып, еуропалық серіктестермен тұрақты байланыста болуға келісім жасады.
Құжат бойынша соңғы шешімдерді Украина мен АҚШ президенттері қабылдайды.