Ақмола облысында бір тәулікте екі тұрғын ірі көлемде алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 3 қазан 2025 жылы екі жағдай тіркелді. Жәбірленушілердің бірі интернеттегі жарнама арқылы белгісіз адамға сеніп, жылқы мен қосалқы бөлшек сатып аламын деп 1,1 млн теңге аударған.
Ал екінші зардап шегуші – кәсіпкер. Ол жемшөпке арналған күкірт жеткізіледі деген уәдеге сеніп, 41 млн теңгеден астам қаражатынан айырылды. Екі жағдайда да тауар жеткізілмеген.
Қазір күдіктілер анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция азаматтарға мұқият болуды ескертеді:
• барлық келісімді жазбаша түрде бекіту;
• мәміле шарттарын алдын ала тексеру;
• ақша қаражатын тек ресми растаудан кейін ғана аудару.
Ірі транзакцияларды жасағанда абай болыңыз. Сатушылар мен жеткізушілерді тексеріп, тек ресми сайттар мен құжаттарды пайдаланыңыз. Ешқашан сенімге немесе ауызша уәдеге негізделген ақша аударуға келіспеңіз – бұл алаяқтардың негізгі құралдары, – дейді тәртіп сақшылары.