Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде әскери полиция өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Бас әскери клиникалық госпиталь, әскери емхана және орталық әскери-дәрігерлік комиссияның басшылығы мен мамандары қатысты.
Кездесу барысында Әскери полиция бас басқармасы алдын алу басқармасының бастығы әділет полковнигі Ертай Ералин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі құрамдас бөлігі алдын алу шаралары болып табылатынын атап өтті.
Әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, сондықтан сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу бойынша пәрменді шаралар қабылдануы тиіс. Біздің мақсатымыз сіздерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын жеткізу және осы бағытта қорғаныс ведомствосында жүргізіліп жатқан жұмыстарын жеткізу, – деді Ертай Ералин.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның талаптарын ескере отырып, кездесуге қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың сақталуы жөнінде толық түсініктемелер берілді. Оларға басқару шешімдерін дайындау және қабылдау, кадрларды іріктеу және орналастыру, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудағы құқықтық қатынастар ережелері кіреді.
Құқық қорғау органы атап өткендей, "әлеуметтік дерттің", яғни сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне бей-жай қарамау, оған жол бермеу арқылы жеңуге болады.
Пікір алмасқаннан кейін медициналық мекемелер мен әскери-дәрігерлік комиссиялардың лауазымды тұлғалары өз қызметінде басшылыққа алатын қосымша ұсынымдар әзірледі.