ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістердің мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыбайлас жемқорларға – сайлауға жол жоқ
Сенатордың айтуынша, Конституцияның 35-бабының 3-тармағында азаматтардың сайлану құқығына қатысты норма нақтыланған. Енді сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны сотпен дәлелденген азаматтар сайлану құқығынан айырылады.
Бұл түзету саяси жүйенің тазалығын қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және қоғамның билікке деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Құрылтай – жаңа заң шығару органы
Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде айқындалады. Ол жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутаттан тұрады.
Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Президент квотасы болмайды. Заң шығару бастамасы құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық кеңесіне беріледі.
Сонымен қатар Құрылтай Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітеді. Заңдар орындалмаған жағдайда Президентке Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш білдіре алады.
Халық кеңесі: консультативтік институт
Конституцияда Қазақстан Халық кеңесі жоғары консультативтік орган ретінде бекітіледі. Сенатордың айтуынша, бұл құрылым мемлекеттік саясатқа ықпал ете алатын тұрақты жалпыұлттық институт болады.
Құрылтай мен Халық кеңесінің өкілеттіктері нақты ажыратылған. Бірі – заң шығару органы, екіншісі – қоғамдық пікірді институционалдық түрде жеткізетін консультативтік алаң.
Сот жүйесіндегі өзгерістер
Жаңа редакцияда сот төрелігінің конституциялық қағидаттары күшейтілген. Заңсыз жолмен алынған дәлелдемелер жарамсыз деп танылады, ешкім тек өз мойындауы негізінде сотталмайды.
Әкімшілік сот төрелігі енгізіледі, алқабилер институтының рөлі нақтыланады. Жоғарғы Сот төрағасының өкілеттік мерзімі 6 жыл болып белгіленіп, бір реттен артық тағайындалмайды.
Бұл өзгерістер судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған.
«Әділетті Қазақстан» идеясы
Сенатордың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясы Конституцияда заң үстемдігі, биліктің бөлінуі, адам құқықтарының басымдығы, әлеуметтік мемлекеттің қағидаттары арқылы көрініс тапқан.
Ата Заңда «Заң және тәртіп», «Еститін мемлекет», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» сияқты қағидаттар жүйесі бекітіледі.
Жаңа Конституцияның ерекшелігі
Нұрлан Бекназаров жаңа Конституция қоғам сұранысына жауап беретін, прогрессивті дамуға негіз қалайтын құжат екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл құжат мемлекетті жаңғырту стратегиясын құқықтық тұрғыда бекітіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтеді және азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді.