37 жыл бұрын ел тәуелсіздігін көксеп, алаңға шыққан өрімдей қыз-жігіттер арасында болған желтоқсан қаһарманы Күлімхан Өскенбаева қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының мүшесі Аманғазы Кәріпжан Facebook парақшасында хабарлады.
Желтоқсан қарлығашы желтоқсанның 37-ші таңын бүгін бақилық ғұмырмен қарсы алғанын естіп отырмыз. Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Күлімхан Өскенбаевадан (Усканбаева) да айырылып қалдық. 1986 жылы осы күндерде алған жарақаттың соңы 37 жылдан соң өзі әкелген Тәуелсіздік мерекесін, яғни, дәл бүгінгі таңды ажал оғымен қарсы алуға мәжбүрлейді деп кім ойлаған. Қаладағы қырық жылдай өмірі жатақханада өтті. Күлімханды 2008 жылы Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі құрылған кезден танимын. Мен басқарма мүшесі едім. Шаруаның басым бөлігі кеңсе жұмысындағы Күлімханның жауапкершілігінде еді. Кейін сол сырқатына байланысты қоғамдық істерден қол үзуге мәжбүр болды. Екінші топ мүгедегі атанды. Жұбайы да мезгілсіз қайтыс болып, төсек тартып жатқан анасының бар күтімі мен ауыртпашылығы әлі шаңырақ көтермеген ұлы Дастанның мойынына түсті. Кейін құрылған біздің «Желтоқсан мәдени-танымдық орталығы» қоғамдық бірлестігінің де мүшелік билетін алған кезде Желтоқсан тарихына өзім білетін 10-15 жылдық еңбегін еске алып, алғыс хат ұсынған едім. Жұбайы қайтыс болғанда Болат Құрымбаев басқаратын ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» және біздің «Желтоқсан МТ Орталығы» қоғамдық бірлестігі мүшелері жиналып, жеке-жеке Құран оқытып, ас берген едік. Кешегі қанды оқиғада Пернеқыз, Дәметкен, С.Шаймұратова сынды әріптестерімен бірге ұлттың ертеңгі азаттығы үшін атойлап алаңға шыққа алдаспан қызымыздың ақтық демі де тауысылған екен. Амал не?! Жаратқан алдыңнан жарылқап, жаның жәннатта болсын!,– деп жазды ол.
Күлімхан Өскенбаева – желтоқсан оқиғасын басынан өткерген жастың бірі, ІІ топтағы мүгедек, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысының белсенді мүшесі.