Сарыағаш медресе-колледжіне мемлекеттен 1,9 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркістан облысының білім басқармасы “Сарыағаш медресе-колледжіне” жыл сайын жүздеген миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс қаражатын бөлген
Бұл оқу орны имамға балалардың аяқ массажын жасап жатқан видеосымен қоғам назарын аударған еді.
Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, әкімдік 2018 жылдан бері оқу орнымен серіктестік орнатқан. Осы уақыт аралығында жалпы құны 1,9 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасалған.
Түркістан облысының білім басқармасы бұл қаржының бөлінуін мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес деп түсіндірді.

Діни бағытына қарамастан, білім беру ұйымдары мемлекеттік қолдауға, оның ішінде грант алуға құқылы. Осыған байланысты 2018-2024 оқу жылдары аралығында “Сарыағаш медресе-колледжі” мемлекеттік бюджеттен 1,6 миллиард теңге алған, – деп хабарлады басқарма.
Сонымен қатар, бұл соманың 2025 жылғы келісімшартты қамтымайтыны атап өтілді.
Басқарма мәліметінше, 2018-2025 жылдар аралығында медресеге 900 гранттық орын бөлінген. Колледж “Исламтану” мамандығы бойынша білім береді, сонымен қатар “Имам-хатиб” және “Оқытушы” біліктіліктерін дайындайды.
Еске сала кетейік, жуырда әлеуметтік желіде балалардың имамның аяқ массажын жасап жатқаны бейнеленген видео таралған болатын. Бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы түсініктеме беруге мәжбүр болды.