Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың тергеу изоляторындағы суреті таралды. Бұл туралы 24.kg хабарлады.
Атамбаевқа сыбайлас жемқорлық бойынша ресми айып тағылды. Оның адвокаты Сергей Слесаревтың хабарлауынша, қырғызстандық ІІМ тергеушісі оған қылмыскер Азиз Батукаевты заңсыз босату туралы қылмыстық іс бойынша айып тақты.
Еске салсақ, жуырда БАҚ-та Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы туралы ақпарат тарады. Мәліметтерге сәйкес, 7 тамыз күні Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде атыс болып, Шу облыстық ІІББ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына аттанды. Сол күні аталған операция салдарынан Бішкек қаласы мен Шу облыстық ауруханаларына түрлі жарақатпен 48 адам түсті.
Бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Ал депутаттық комиссия Атамбаевқа 6 эпизод бойынша айып тақса, Бас прокуратура олардың тек бесеуін қалдырған еді.
Сонымен қатар, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы ахуал көрші елдің ішкі шаруасы екенін айтқан болатын.