ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады BAQ.KZ.
Отырыста Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын қайта қарау жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Бүгінгі таңда жекешелендіру жоспарына 721 ұйым енгізілген, оның ішінде 230-ы сатылып, тағы 50-ге жуығы тарату немесе қайта ұйымдастыру сатысында тұр. Бұл ретте активтерді баланстық құннан төмен сатуға тыйым салу, сатып алушы мен сатушының үлестес болуына жол бермеу, стратегиялық маңызды нысандарға мемлекеттік бақылауды сақтау бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр, - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты жаңа тәсілдер негізінде жекешелендіру тізбесін өзектендіру жүргізілді. Осылайша, Жекешелендіру жоспарына бәсекелестік ортаға беру экономикаға оң септігін тигізетін жаңа ұйымдарды енгізу ұсынылып отыр. Компаниялардың бір бөлігін «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларының IPO арқылы нарыққа шығару жоспарланған.
Сондай-ақ, бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Отырысқа қатысушылар кейбір активтерді мемлекет меншігіне беру мәселелерін қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдарға тапсырмалар берді.