Дербес деректердің жаппай таралуына қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмаушылық және жеке ақпаратты қорғау жөніндегі конституциялық құқықтарын іске асыра отырып, біз цифрлық деректердің кез келген тарапқа кетуіне және осы салада «нөлдік төзімділік» саясатына көшеміз. Осы мақсатта біз қауіпсіздік талаптарын орындамағандарға әкімшілік айыппұлдардың шегін бірнеше есе арттырып, 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін жеткіземіз, – дейді вице-министр.
Бұдан бөлек ведомство дербес деректердің жаппай тарап кетуі үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынды.
Цифрлық трансформация азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек. Ал жеке ақпаратқа жауапсыз қараудың кез келген фактісі заңның бар қатаңдығымен жазалануы керек, – деп түсіндірді Ростислав Коняшкин.