Жаңа Конституцияда азаматтардың дербес деректерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған маңызды норма бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конституцияның 21-бабында:
«Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі» деп көрсетілген.
Жаслан Мәдиев бұл норма дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі дамытудың берік негізіне айналғанын атап өтті.
Мұны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтеді. Цифрлық сервистер мен технологияларға деген сенімді арттырады, сондай-ақ ұйымдардың дербес деректерді өңдеу кезіндегі жауапкершілігін едәуір арттырады. Осы норманы іске асыру мақсатында бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда, - дейді Жаслан Хасенұлы.
Олардың қатарында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс, сондай-ақ дербес деректер мен киберқауіпсіздік туралы заңдар бар.
Мәдиев бұл бағыттағы жұмыстар екі негізгі бағыт бойынша жүргізілгенін айтады.
Бірінші бағыт – ұйымдастырушылық және техникалық шараларды іске асыру.
Бұл аяда дербес деректерді қорғаудың заманауи құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, деректерді жасыру және хэштеу технологиялары қолданылатын болады. Мұндай тәсілдер деректерді техникалық тұрғыдан қорғауға мүмкіндік беріп, рұқсатсыз қол жеткізу жағдайында олардың жария болып кету тәуекелін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар мемлекеттік деректер базаларынан ақпаратты жүктеп алуды шектеу жоспарланып отыр. Бұл ретте басымдық ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялауға беріледі, - дейді ол.
Яғни, деректерді жүктеу мүмкіндігі барынша қысқартылып, тек ерекше және заңда нақты белгіленген жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Мемлекеттік органдар мен жеке сектор өңдейтін дербес деректерді жүйелеу және есепке алу үшін дербес деректер операторларының арнайы реестрі, сондай-ақ сенімді шетелдік алушылардың реестрі құрылатын болады. Сонымен қатар киберқауіпсіздік жүйесіндегі ең әлсіз буын – адами фактор екені белгілі. Осыған байланысты кибермәдениет деңгейін арттыруға ерекше назар аударылады, - дейді Жаслан Хасенұлы.
Екінші бағыт – жауапкершілікті күшейту.
Пайдаланушылар алдында ашықтық пен жауапкершілікті арттыру мақсатында дербес деректер операторларына бірқатар міндет жүктеледі.
Атап айтқанда, олар дербес деректердің тарап кету фактілері туралы уәкілетті органға да, азаматтардың өздеріне де дер кезінде хабарлауға міндетті болады. Сонымен қатар дербес деректерді өңдеудің басталғаны туралы уәкілетті органды алдын ала хабардар ету талап етіледі.
Бұдан бөлек, дербес деректердің жаппай таралуы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, сондай-ақ әкімшілік айыппұл көлемін 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру қарастырылып отыр. Оған қоса, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою жұмыстары жалғасып, бұл саладағы мемлекеттік бақылау тетіктері күшейтіледі, - дейді Жасанды интеллект министрі.