Қазақстанда жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұқпаушылық құқығы бұрыннан бар. Алайда жаңа Конституция жобасында бұл норма заман талабына сай нақтылана түсті. Бір қарағанда, бірнеше ғана сөз қосылғандай көрінгенімен, олардың астарында өте үлкен құқықтық мән жатыр. Осы тұрғыда BAQ.KZ тілшісі Қазақстандық IT-нарықтың жарқын өкілдерінің бірі Азиза Шужеевамен тілдесті.
Енді Конституцияда азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану кезінде де, заңмен кепілдендірілетіні айқын жазылады. Бұл – елімізде жеке деректерді қорғаудың конституциялық негізі алғаш рет нақты бекітіліп отыр деген сөз.
Биометрия дерегін бермеуіңізге болады
Бүгінде түрлі ғимараттарда, кеңселерде, тіпті тұрғын үй кешендерінде биометриялық сәйкестендіру жүйелері орнатылып жатыр. Алайда жаңа нормаға сәйкес, егер азамат өз биометриялық деректерін бергісі келмесе, ол бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда оны ғимаратқа кіргізбеуге ешкімнің құқығы жоқ, - дейді ол.
Бұл – цифрлық дәуірдегі адамның негізгі құқықтарының бірі. Яғни цифрландыру үдерісі азаматтың еркін таңдау құқығын шектемеуі тиіс.
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі
Жеке деректерді қорғау мәселесі балаларға да тікелей қатысты.
Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар түрлі онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысына айналды. Сондықтан олардың цифрлық құқықтарын қорғауда ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі маңызды, - дейді ол.
Маман пікірінше, кез келген сайтқа тіркелгенде немесе онлайн-қызметті пайдаланғанда келісімшартты мұқият оқу қажет.
Қандай деректер сұралады? Ол ақпарат қалай сақталады және кімге беріледі? Осындай сауалдарға назар аудару – цифрлық қауіпсіздіктің басты шарты.
Кибералаяқтық және «цифрлық зорлық-зомбылық»
Соңғы жылдары әлемде кибералаяқтықтың ауқымы айтарлықтай кеңейді. Тіпті «цифрлық зорлық-зомбылық» деген жаңа ұғым қалыптасты.
Оған соңғы уақыттағы сталкинг, бөтен адамның жеке деректерін заңсыз пайдалану, рұқсатсыз фото мен бейнематериалдарды тарату секілді әрекеттер де кіреді.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайларда көбіне әйелдер мен кәмелетке толмағандар жапа шегеді. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – қоғам үшін өзекті міндет, - дейді маман.
Жаңа Конституцияда ол қалай қорғалады?
Жаңа Конституция жобасының 21-бабының екінші тармағына маңызды толықтыру енгізілді. Бұған дейін банктік операциялардың, салымдардың, жинақтардың, хат алмасудың, телефон арқылы сөйлесудің, пошта және өзге де байланыс құралдары арқылы берілетін хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны айтылған болатын.
Енді бұл нормаға «соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын» деген нақтылау қосылды. Бұл дегеніміз – WhatsApp-тағы немесе әлеуметтік желілердегі хат алмасуды жариялауға болмайды. Сондай-ақ адамның рұқсатынсыз оның фотосын немесе бейнежазбасын интернетке таратуға тыйым салынады, - дейді ол.
Спикер сөзінше, қазақстандықтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірі де заңмен қорғалатын болады.
Егер бұл норма қабылданса, Қазақстан цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіткен әлемдегі санаулы елдердің қатарына қосылуы мүмкін. Конституция қабылданғаннан кейін бірқатар салалық заңдарға өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.
Дегенмен, цифрландыру ең алдымен технологиядан емес, адамнан басталады. Құқықтарды қорғау үшін азаматтардың өздері де сауатты әрі сақ болуы қажет.