Қытай әлемдегі ең жек көретін елдердің рейтингінде көш бастады. Мұндай ақпаратты Newsweek 2025 жылғы World Population Review зерттеуіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зерттеуде Қытайға деген теріс көзқарастың бірнеше себептері келтірілген. Олардың қатарында елдің "авторитарлық режимі", адам құқықтарының бұзылуы, қоршаған ортаны ластауға қосқан үлесі, Гонконг, Тайвань және Макаоға тәуелсіздік беруден бас тартуы мен ұйғырларға қатысты ұстанымы бар.
Екінші орынды АҚШ иеленді. World Population Review-дің мәліметінше, АҚШ-қа деген дұшпандықтың басты себебі – елдің халықаралық оқиғаларға өз мүддесі тұрғысынан тым көп араласуы. Сонымен қатар, зерттеу авторлары америкалықтардың ерекше болуға ұмтылуы, атыс қаруы мен фастфудқа деген құмарлығы да әлем елдерінің теріс көзқарасына себеп болады дейді.
Үшінші орында Ресей тұр. Бұл елге деген жеккөрушілікке Украинадағы қақтығыс пен ел ішіндегі демократиялық бостандықтардың шектелуі себеп болып отыр.
Рейтингтің үздік ондығына сондай-ақ Солтүстік Корея, Израиль, Пәкістан, Иран, Ирак, Сирия және Үндістан кірген.