Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Іздестіру жасақтарының сарбаздары Ұлы Отан соғысы жылдары қаза болған жауынгерлердің туыстарын іздеп жатыр. Хабар-ошарсыз кеткендердің тізімі күн сайын жаңартылып жатыр.
Жуырда 1944 жылы Ленинградты қорғау ұрыстарында қаза тапқан Иван Дүйсеновтың жатқан жері табылып, қуанышты хабар туыстарына жеткізілді. Майдангерді ұлы Исахан өмір бойы іздепті.
Атам Ленинградты босату кезінде көз жұмды. Бұны Кингисепп қаласының "Форпост" атты іздестіру жасақтарының мүшелері айтты. Атам Иван Дүйсенов алдымен Волосов ауданының Артюшино ауылында жерленген, ал 20 жылдан кейін Бегуницы елді мекеніне қайта жерленіпті. Сондықтан, іздеу кезінде қиындықтар туындады. Мұрағаттарда ешқандай мәлімет те сақталмапты. Хабар енді келді. Әкем атамды өмір бойы іздеумен өтті. Бұл аманатты біз орындадық. Жазда Ленинград облысына барып атамның моласына қазақ жерінің бір уыс топырағын салып, дұға етпекпіз, - дейді Мадина Дүйсенова.
Волосов ауданында соғыс жылдары көз жұмған 700-ден астам жауынгердің қабірі табылған. Олардың есімдері естелік тақталарға жазылмақ. Қазіргі уақытта Павлодар облысының Ертіс ауданынан соғысқа кеткен Федор Денисов пен Дмитрий Бузильский іздестіріліп жатыр. Өңір іздестірушілерінің қолында 25 қазақстандық сарбаздың жатқан жерлері туралы мәлімет бар. Тізімдегі жауынгерлер Украина, Белоруссияда көз жұмған.
Соғыс жылдары Отан үшін жандарын пида еткен батыр балалар туралы мәліметтер "Боздақтар" атты естелік кітапқа жинақталған. Бүгінде алты томы жарық көрді. Соңғы жинаққа мыңнан астам жауынгер туралы ақпарат енгізілген. Мәліметтер мұрағаттық құжаттар негізінде жинақталған.
"Боздақтар" кітабының алтыншы томында 600-ге жуық азамат туралы мәлімет бар. Олардың көбі құлдықта немесе шайқас кезінде қайтыс болған. Бүгінде мұрағаттарда құпия күйі сақтаулы құжаттар көп. Ресейдің қорғаныс министрлігінің мұрағаттарында жабық күйдегі құжаттар қаншама. Олар зерттелсе, Ұлы Отан соғысының тарихы басқа қырынан зерттелетіні сөзсіз, - дейді облыстық мұрағаттың қызметкері Халел Әкімханова.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1938-1945 жылдағы Ертіс өңірінен қан майданға 46 мыңнан астам сарбаз аттанған. Олардың тең жартысы көз жұмса, 9 мыңнан астамы әлі күнге дейін хабарсыз кеткендердің тізімінде.
Еске салсақ, Палводар облысында екі іздестіру жасағы бар. "Майдан жолы" және "Панфиловшылар" отрядтары соңғы бірнеше жылда жүздеген жауынгердің жатқан жерін тапқан. Жұмыс жалғаса бермек.