Мәжіліс депутаты Әлтай Аманжол әлеуметтік желілерде «Дикий Арманның» жағымды бейнесін жасауға тырысып, жазықсыз қамауға алынды деген секілді негізсіз, пәтуасыз пікірлер қалыптастырып, одан Алпамыс жасауға тырысып жатыр деп есептейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат осы мәселені көтеріп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал қойды.
Қоғамдық және ақпараттық салада әділет болмаса, еңселі елді адастырады. Ақпарат тасқыны алқымнан алып, санаға әмір жүргізіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде өкінішке қарай елімізде болған оқиғалар әлеуметтік желілерде бұрмаланды, - деді Аманжол Әлтай.
Сөзінше, оқиғалар әлеуметтік желілерде қырық рет құбылып, өзгерген.
Қаңтар трагедиясы туралы алып-қашпа пікірлер қалыптасып, оқиғаның шындыққан жанаспайтын түрлі нұсқалары таралып жатыр. Нәтижесінде сол ортаның қолдан жасалған «жалған қаһармандары» пайда болды. Тентектен тұлға, арандатушыдан батыр, сотқардан сардар, қылмыскерден қаһарман жасағысы келетін әділетсіз әрекеттер белең алып барады. Бұған қаңтар оқиғасына дейін де заңға қайшы әрекеттерімен танылған «Дикий Арманды» мысалға келтірейін. Әлеуметтік желілерде оның жағымды бейнесін жасауға тырысып, жазықсыз қамауға алынды деген секілді негізсіз, пәтуасыз пікірлер қалыптастырып, «Дикий Арманнан» Алпамыс жасауға тырысып жатыр. Мұндай «қой терісін жамылған қасқырдың кейіпіндегі «жасанды батырсымақтың» бейнежазбалары вирус секілді бірден таралып жатыр. Осындай жалған жарнамаға құрылған ақпараттық шабуылдар жас ұрпақтың санасына соққы болары сөзсіз, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың айтуына қарағанда, оның салдарынан жастардан «Осы заманның батырлары кім? деп сұрасаң, өрт ішіндегі өрімдей бала мен кейуана әжені құтқарып қалған, ерен ерлік көрсеткен Асқар секілді жаңа заманның жалынды батырларын емес, топ құрып, тісін жасырған «Дикий Арманды» атаса таңқалмаңыз.
Бүгінгі жастарды тәлімі теріс, сырты бүтін, іші түтін «Дикий Армандарға» еріп кетуден қорғауымыз керек. Халық арасында дұрыс қоғамдық құндылықтарды қалыптастырумен айналысасыздар ма? Қоғамда саяси мәдениетті дамыту бойынша жобаларыңыз бар ма? – деп сұрады депутат Аманжол Әлтай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен Мәжілісте.