ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақтың біртуар жазушысы Дулат Исабековтің қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра отырып, көңіл айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды. Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық. Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей, – деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Дегенмен, министр қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенімді.
Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын! – делінген Балаеваның жазбасында.