Бүгін Астана қаласының Мемлекеттік архивіне белгілі қаламгер, тарихшы Жәди Шәкенұлы құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ архивке сілтеме жасап.
Мұнда құнды қағаздарымен қатар, әр жылдары жазылған шығармаларының қолжазба түпнұсқасы, кітаптары, әр түрлі тақырыпты негіз еткен еңбектерінің көшімелері бар.
Жәди Шәкенұлы 1967 жылы 5 мамырда Өр Алтай жерінде – Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген.
Қазақстан Жазушылар одағы және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.
Жазушының оқырман ықылысын тудырған "Қаралы көш", "Бозмұнар" романдары бірнеше тілге аударылған. Жазушының бұдан басқа да толып жатқан әдеби, зерттеу еңбектері қазақ оқырмандарына белгілі.
Баспа саласында Асқар Татанайұлының "Ел қорғаны – Абылай", Мағаз Разданұлының "Алтайдың ақиықтары", Жақсылық Сәмитұлының "Атамекен", Сейітхан Әбілқасымұлының "Қуғын", Қуанған Жұмаханұлының "Құстар қайтып барады", Ырсалды Төкееваның "Ой толқыны", Шәміс Құмарұлының "Ер Жәнібек", Қажығұмар Шабданұлының "Қылмысы" секілді көптеген кітаптарды редакциялап, шетел қазақ әдебиетінің ата жұртта жарық көруіне көрнекті үлес қосты.
Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының "Ана тілі" оқулығына, әңгімелері туралы зерттеулер мен "Шынжаң қазақ әдебиеті" еңбегі әдебиет теориясы жинақтарына кірген. Біраз шығармалары түрік, қытай, иран тілдерінде жарық көрген.