"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың айтуынша, 29 наурыздағы мәлімет бойынша, Орал қаласындағы гидробекетте Жайық деңгейі бір тәулікте 95 сантиметрге көтерілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта қала маңындағы су деңгейі 229 сантиметрді құрап отыр. Айта кетейік, бұл өзен үшін қауіпті шек – 850 сантиметр.
Облыстың өзге аудандарында да жағдай тұрақсыз. Бөрлі ауданында Жайық деңгейі 343 см-ге жетті (+35 см). Ал Ақжайық ауданы, Мерген ауылында су деңгейі 350 см (+29 см). Бәйтерек ауданында керісінше, су деңгейі 65 сантиметрге төмендеп, 215 см болды.
Жайықтың тармағы – Шаған өзенінде де судың көтерілуі байқалады. Бәйтерек ауданының Чувашинское ауылында су деңгейі 710 см-ге (+69 см) жетсе, Мичуринское ауылында бірден 110 сантиметрге көтеріліп, 454 см жетті. Ал Деркөл өзенінде су деңгейінің төмендеуі тіркелген.
Мамандар өзендердегі су деңгейін сағат сайын бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, бірақ тасқын қаупі әлі де сейілген жоқ, – деп атап өтті филиал басшысы.