Елімізде ауылдық жерде жайылым тапшы. Бұл мәселе бұрыннан бері қызу талқыда жүр. Бүгін ОКҚ-да АШМ өкілдері жайылымдық жерлерге қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист ведомство өкілдеріне "Ауылда мал жайылатын жер тапшы. Көп жер шаруашылықтың аумағы. Төрт түлік егінді таптап өтуге мәжбүр. Бұл мәселе қалай шешілмек?" деп сұрақ қойды.
Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов аталған мәселе бойынша былтыр Жер кодексіне өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
Мемлекетке қайтарылған жерлердің көбі қайтадан жер пайдаланушыларға беріліп отыр. Жайылымдар туралы заңға өзгеріс енгізілген болатын, оның ішінде қоғамдық жайылым мәселесі қарастырылған. Заңда елді мекенде тұратын азаматтардың малбасына арналған жайылымдық жері жөнінде түсінік бар. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар ауылдың айналасындағы жерлерді биылдан бастап жайылымды басқару туралы сызбамен бекітеді. Бүгінде елді мекен аясында 128 жоспарды бекітуді қарастырып отырмыз. Бұл оң шешімін табады деп ойлаймыз. Онымен қоса, Жер кодексінің 84 бабына тиісті өзгерістер енгізілді. Яғни қоғам үшін қажет жайылым жерлерді мемлекет алып қояды. Аталған ереже былтыр күзде күшіне енді, енді биылдан бастап жүзеге асады, - дейді спикер ОКҚ-да өткен брифингте.
Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов ауыл халқы көп жыл жалға алынған жайылымдық жерлерді қайтарып ала алатынын айтады.
5-10 шақырым жерде орналасу керек дейтін шектеу жоқ. Ол ауылдың орналасу аймағына, жеріне байланысты. Оның қандай типте екенін анықтау қажет. Яғни қарастыру мүмкіндігі бар, - дейді Теміржанов.
Жер ресурстарын басқару комитеті жерді пайдалану мониторингі басқармасының басшысы Сағадат Дүйсеновтің сөзінше, айналасын егін қоршаған ауылдардың көбі Солтүстік өңірде орналасқан.
Егер ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерді басқа мақсатта пайдаланып жатса немесе егістік жерлерді жайылымға айналдырса, онда біздің аумақтық бөлімшелерге хабарласуға болады. Біздің бөлімшелер ол жерлер нысаналы мақсатқа пайдаланылып жатыр ма, жоқ па тексереді. Сот түрінде болмай жатса, мәжбүрлі түрде алып қою жұмыстарын жүргізеді, - деді Дүйсенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы үш жылда мемлекетке 12 млн гектар жер қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз.