Алматы облысындағы Жауғашты әйелдер колониясында аналарымен бірге отырған кішкентай балалар жаппай уланған. 17 бала ауруханаға түскен, үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған мәселеге қатысты адвокат Айман Омарова дабыл қағуда. Ол аналарға (сотталғандарға) реанимациядағы балаларын көруге рұқсат бермей отырғанын айтты.
Адвокат атап өткендей, жақында ғана Құрылтайда әйелдер колониялары мен кәмелетке толмаған балалары бар сотталған аналардың жағдайы талқыланған еді. Бірақ елімізде осы мәселеге қатысты түсініксіз тәжірибе қалыптасқан: кішкентай балалары бар барлық әйелге бірдей жаза өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігі берілмейді.
Қайырлы күн, мен Айман Омарова, бүгін 2025 жылғы 26 наурыз. Бүгін мен Алматы облысы Жауғашты ауылында болып жатқан жағдай туралы айтқым келеді. Жақында ғана мен сотталған әйелдер, жүкті және кәмелетке толмаған балалары бар аналардың құқықтарына назар аудару қажеттігі туралы айтқан едім.
Кеше 14 баланың ауруға шалдыққаны туралы ақпарат түсті, олар аналарымен бірге осы мекемеде тұрады. Олардың үшеуі ауыр жағдайда медициналық мекемеге жеткізілді, бірақ аналарсыз. Бұл балалар мен олардың аналарының құқықтарының бұзылуы деп санаймын, себебі аналар балаларымен бірге болуы керек еді. Айтуларынша, бұл конвоирлеу мүмкін болмағандықтан немесе аналарды балаларымен бірге алып жүруге қызметкерлердің жетіспеушілігінен болған, - деді ол.
Адвокаттың сөзінше, жалпы, кеше 17 баланың ауруға шалдыққаны белгілі болды.
Бұл кездейсоқтық емес деп ойлаймын, мүмкін бұл инфекция немесе улану болуы мүмкін. Мұны анықтау қажет. Жаза өтеу орындарындағы медициналық қызмет көрсету механизмдері жетілдіруді қажет етеді. Медициналық қызметтер Денсаулық сақтау министрлігіне берілген кезде, конвоирлеу және басқа да мәселелер қалай жүзеге асатынын шешу керек еді, - дейді Омарова.
Айман Омарова құзырлы органдардың аталған оқиғаға назар аударуын сұрады.
Осыған байланысты Алматы облысының прокуратурасы, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігіне назар аударуды сұраймын. 17 баланың бір уақытта не себепті ауруға шалдыққанын анықтау үшін дереу комиссия құру қажет, - деді адвокат.