Жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек. Әшімбаев экология туралы айтты

24 Қараша 2021, 13:16
815
Бөлісу:
Жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек. Әшімбаев экология туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумында айтты.

Бұдан былай қоршаған ортаны қорғаудың маңызы арта береді. Табиғатпен үнемі үйлесімде болу – біздің бабаларымыздың өмірлік философиясы. Біз осындай көзқарасты қалпына келтіруіміз керек. Жер – бүкіл адамзатқа, бізге дейін және бізден кейінгі ұрпаққа ортақ. Ал оның мүмкіндігі шектеулі, - деді Әшімбаев.

Сенат спикері атағандай, уақыт өткен сайын таза ауа, су, құнарлы өнімдердің тапшылығы айқын сезіліп келеді.

Егер біз қазіргідей, есепсіз тұтыну дағдысын жалғастыра берсек, Жердің ресурстары ұзаққа жетпейді. Халқымыз «судың да сұрауы бар» дейді. Сондықтан табиғатты қорғау өмірлік ұстанымға айналуға тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында осы бағытқа баса мән берді. Жалпы еліміздің алдында тұрған экологиялық мақсат-міндеттер – Мемлекет басшысының үнемі басты назарында, - деді ол.

Әшімбаевтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет.

Осы жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек. Сондықтан жастарымыз экологиялық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Тұтынушылық идеологиясынан бас тарту қажет. Пандемияға дейін тұтыну мәдениеті бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тіпті тұтыну өмірдегі ең басты мақсатқа айналды десек те, артық бола қоймас. Жастар арасында да осындай үрдіс қалыптасқаны жасырын емес. Толассыз тұтыну тоқырауға, құндылықтардың құлдырауына әкеліп соғады, - деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, сондықтан дұрыс құндылықтарды қалыптастыруымыз өте маңызды.

Ол үшін жанашырлық, жауапкершілік, сабырлық, мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді кеңінен дәріптеген жөн, - деді Мәулен Әшімбаев.


Өзгелердің жаңалығы