Жасырын ұйымдастырылған тойлар ұялы телефон арқылы анықталады

7 Сәуір 2021, 19:38
1955
Бөлісу:
Жасырын ұйымдастырылған тойлар ұялы телефон арқылы анықталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілші. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы» өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантин кезінде жасырын тойларда адамдардың көп жиналуын анықтауға мүмкіндік беретін пилоттық жоба туралы айтты.

Бағдарламаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі пысықтауда және біз оларға көмектесеміз. Қазірдің өзінде пилоттық жоба Алматыда енгізілді. Мұнда күрделі ештеңе жоқ, барлық деректер иесіздендірілген. Карталар бір жерде орналасқан адамдар шоғырын көрсетеді. Мұндай адамдар шоғыры қай жерде орналасқандығы көрсетіледі, ал мобильді топтар адамдардың бір жерде шектен тыс тоғысқанын көреді. Яғни, адамдар тобын ғана көреді, - деді Цой.

Оның айтуынша, азаматтардың ұялы телефондары адамдардың шоғырлануын анықтауға көмектеседі.

Біз ықтимал қауіпті нүктелерді көріп отырамыз. Бақылау топтары іске қосылады, жолға шығады, барып көреді. Біз жасырын тойлардың және басқа да осындай шаралардың қайда болып жатқанын байқап отырамыз. Мұндай жұмыс Қазақстанның барлық өңірінде жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы белгілеп берді. Барлық өңірлерде мұндай мүмкіндік бар, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы