Қазақстан Үкіметі мен Fortescue Future Industries компаниясы еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарында «жасыл» сутегі өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру туралы Негіздемелік келісім жасасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатқа Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлемдік көшбасшылар саммиті аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Fortescue компаниясының басшысы Эндрю Форрест қол қойды.
Келісімді іске асыру еліміздің 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға азайту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуіне үлес қосады деп күтілуде. Алдағы жобалар кеше Қазақстан мен Еуроодақ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында еуропалық нарыққа жеткізу жоспарланып отырған «жасыл» сутегінің ауқымды көлемін өндіруге арналған.
Жалпы алғанда, «таза» сутегін өндірудің қолжетімді технологияларын енгізу Қазақстанға 5-7 жылдан кейін осы отынның әлемдік ірі жеткізушілерінің біріне айналуына мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов «жасыл» сутегін өндіру жобасы өңірдегі осындай ірі жобалардың бірі екенін атап өтті.
Баламалы энергия көздерін дамыту шеңберінде "жасыл" сутегін өндіру біз үшін маңызды және басым бағыттардың бірі болып табылады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан осы экологиялық таза отын түрінің 10 ірі экспорттаушысының қатарына кіре алады. Осы мақсатқа жету үшін бізге стратегиялық серіктестеріміздің қолдауы маңызды, — деді Әлихан Смайылов.
Ол Үкімет «жасыл» энергетика секторындағы жеке компаниялардың үлесін арттыру үшін инвестициялар тарту жүйесін қайта қарағанын атап өтті.
Біздің декарбонизацияны ынталандыру тәсіліміз нарықтық тетіктер мен жеке инвестицияларды барынша пайдалануға негізделетін болады, — деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Эндрю Форрест «жасыл» сутегін өндіру және қолдану ауыр өнеркәсіпті декарбонизациялауға, жұмыс орындарын құруға және жалпы энергетика саласының тұрақтылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Біз осы әлеуетті тезірек іске асыруға көмектесу үшін жұмыс тәсілдеріміз бен мүмкіндіктерімізді Қазақстанмен қуана бөлісеміз, — деді Эндрю Форрест.