«Жасыл ипотека». 1400-ге жуық пәтер ұсынылады

18 Мамыр 2023, 18:07
1587
Бөлісу:
«Жасыл ипотека». 1400-ге жуық пәтер ұсынылады
Фото: Артём Чурсинов

«Жасыл ипотека» бағдарламасының аясында Отбасы банк өз клиенттеріне 1400-ге жуық пәтер ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) пилоттық жобасы – «Жасыл ипотека» қазірдің өзінде 6 өңірде жүзеге асырылып отыр.

Биылғы жылдың басында Астанада өтініштерді қабылдау басталды. Қазіргі таңда 100-ге жуық несие берілген.

Отбасы банк «жасыл ипотека» жобасын іске қосқалы, «жасыл стандарттарға» сай үйлер салып, банкпен ынтымақтастық орнатқысы келетін құрылыс компанияларының саны артты. Мәселен, қазір елордада салынып жатқан алты тұрғын үй кешенінен баспана алуға болады. Таңдауға 1000-нан астам пәтер бар. Алматыда тағы екі тұрғын үй кешені жобаға қатысып жатыр. Ал Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында аталмыш стандарт талаптарына сай бір-бірден тұрғын үйден бар, - делінген хабарламада.

«Жасыл стандартты» тұрғын үйлерге LEED, BREEAM және қазақстандық ӨМІР стандарттарына сәйкестік сертификаты бар нысандар жатқызылады.

«Жасыл стандартты» пәтерлерді 20% бастапқы жарнамен, Отбасы банк арқылы сатып алуға болады. Несие мөлшерлемесі 12,5% (ЖТСМ 13,3% бастап). Несиенің максималды сомасы – 35 млн теңге.

«Жасыл ипотеканы» жүзеге асыру үшін Отбасы банк бірінші кезеңде өз қаражаты есебінен 10 млрд теңге бөлді. Қаражат сұранысқа байланысты алты аймаққа бөлінеді.

Сондай-ақ Отбасы банк «Өз үйім» бағдарламасы аясында құрылыс салушылармен де ынтымақтасады. Аталмыш бағдарламаның көмегімен қазақстандықтар бүгіннің өзінде 22 446 баспана алып, қоныс тойын тойлады.

Отбасы банкінің жеке бағдарламалары тұрғын үйді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алуға көмектеседі. Несие мөлшерлемесі 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6% бастап) 10%-ға дейін (ЖТСМ 10,1% бастап).

Бағдарлама шарттарына сәйкес алғашқы жарна тұрғын үй құнының 50 пайызына тең болуы керек. Несие 25 жылға дейін беріледі.

«Өз үйім» 7 жыл бұрын іске қосылған болатын. Бағдарламаның алғашқы жылында 70 несие берілді. Қазір жылына орта есеппен 4000 несие рәсімделеді. Биылғы жылы заемның басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында берілді. Яғни, бұл аймақтарда құрылыс салушылар шаршы метрлердің сұранысқа ие санын қамтамасыз етіп, Отбасы банк клиенттеріне жаңа тұрғын үй сатып алу үшін оңтайлы жағдай жасауға дайын, - делінген хабарламада.

«Жасыл ипотека» жобасына және «Өз үйім» бағдарламасына қатысу үшін баспананың бар-жоғы және тұрақты тіркеу маңызды емес. Мәселен, еліміздің кез келген өңірінің тұрғындары елордадан баспана сатып ала алады.

Өзгелердің жаңалығы