Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Жасыл" энергетика мен тарифтер: Қазақстанда баға қалай өзгереді?

Бүгiн, 13:10
134
Бөлісу:
 Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Электр энергиясының қымбаттауы туралы әңгіме соңғы жылдары экология, "жасыл" технологиялар және жаңа талаптармен бірге жиі айтыла бастады. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өтпейді. Алайда мәселе бағаның өсетін-өспеуінде емес, саланың қалай және қандай қарқынмен жаңаратынымен байланысты. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Энергетика саласына қойылып отырған жаңа экологиялық талаптар мен технологиялық міндеттемелер электр энергиясының өзіндік құнына тікелей әсер ететіні жасырын емес. Бұл – қағаз жүзіндегі талап емес, нақты инвестиция мен тұрақты шығынды талап ететін үдеріс.

Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақып Хайрушевтің айтуынша, экологияға байланысты міндеттемелер энергетика үшін бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді қаржылық жүктемеге айналып отыр.

Жаңа экологиялық талаптар мен жаңа технологияларды енгізу электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын тікелей арттырады. Бұл энергетика үшін нақты инвестициялар мен тұрақты шығындарды білдіреді. Оған қазандықтарды жаңғырту, түтін газдарын тазалау, күл ұстау жүйелері, шығарындыларды бақылау, су айналымы жүйелері және экологиялық төлемдер кіреді, – дейді ол.

Бұл шығындар бірден стансалардың ағымдағы шығынына қосылады немесе инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік шешімдер арқылы уақыт өте қайтарылады. Қалай болғанда да, олар энергетика экономикасының ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Көмір генерациясы: экологиялық қысым ең алдымен осы салаға түседі

Экологиялық талаптардың әсері әсіресе көмірге негізделген генерацияда анық сезіледі. Шығарындылар үшін төленетін төлемдер электр энергиясының әр киловатт-сағатын тікелей қымбаттатады.

Көмір генерациясында экологиялық талаптардың әсері ерекше сезіледі. Шығарындылар үшін төленетін төлемдер бір киловатт-сағаттың өзіндік құнын тікелей арттырады, – дейді Жақып Хайрушев.

Оның айтуынша, салыстырмалы түрде жаңа әрі тиімді стансалар үшін бұл жүктеме әлі де басқаруға келеді. Ал тозығы жеткен ЖЭО мен МАЭС үшін жағдай әлдеқайда күрделі.

Тозығы жеткен стансаларда бұл экологиялық шығындар сенімділік пен қаржыландыруға қатысты бұрыннан бар проблемалардың үстіне қосылады. Егер тарифтерді түзету немесе қолдау болмаса, мұндай нысандардың экономикасы тез әлсірейді, – деп атап өтті ол.

"Жасыл" энергетика: оңай шешім емес

Кейде көмір генерациясын күн немесе жел электр стансаларымен ауыстыру арқылы мәселені оңай шешуге болады деген пікір айтылады. Алайда сарапшы мұндай көзқарасты үстірт деп есептейді.

Жасыл энергетикаға көшу – көмір генерациясын күн немесе желмен жай ғана алмастыру емес. Қайта жаңартылатын көздер тұрақсыз жұмыс істейді, сондықтан резервтік қуат, орнықты желілер, күрделі диспетчерлік басқару, кей жағдайда энергия жинақтағыштар қажет, – дейді Жақып Хайрушев.

Оның айтуынша, мұның барлығы – жеке инвестициялар. Ал бұл шығындар жүйенің қай бөлігінде пайда болса да, ақыр соңында тариф арқылы өтеледі.

Мемлекет жүктемені уақытша жұмсарта алады, бірақ оны тұтынушыдан толық алып тастау мүмкін емес, – дейді ол.

Қазақстандағы басты мәселе – экология емес

Электр энергиясының қымбаттауына әсер ететін негізгі фактор ретінде сарапшы экологиялық талаптарды емес, инфрақұрылымның тозуын атап өтеді.

Қазақстан үшін басты фактор – генерация мен желілердің тозуы. Ескі жабдық жоғары шығынға, апаттардың жиілеуіне, отынның көп жұмсалуына және үздіксіз жөндеуге алып келеді, – дейді ол.

Осы тұрғыда экологиялық талаптар негізгі себептен гөрі, әлдеқашан басталған үдерістерді жеделдетуші фактор ретінде көрінеді.

Тарифті тежеудің жолдары бар ма?

Қысқа мерзімде экологиялық технологияларды енгізу электр энергиясының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Әсіресе инвестициялар ұзақ уақыт кейінге қалдырылып, бір мезетте іске асса, бұл әсер күшейе түседі.

Алайда Жақып Хайрушев тарифтік қысымды жұмсартуға болатын нақты тетіктер бар екенін айтады.

Бұл – күрделі шығындарды ұзақ тарифтік кезеңге бөлу, жеңілдетілген және "жасыл" қаржыландыруды пайдалану, сондай-ақ сенімділікті арттырып, отынның меншікті шығынын азайтатын жобаларға басымдық беру, – дейді ол.

Сондай-ақ желілердегі техникалық және коммерциялық шығындарды азайту да жылдам нәтиже беретін маңызды резерв ретінде аталады.

Сарапшының айтуынша, экологиялық күн тәртібі энергетика үшін "Электр энергиясы қымбаттай ма?" деген қарапайым сұрақтан әлдеқайда кең.

Бұл – электр энергиясы қымбаттай ма деген мәселе емес. Бұл – саланың қаншалықты басқарылатын, жүйелі түрде жаңаратыны туралы мәселе, – дейді Жақып Хайрушев.

Оның пайымдауынша, жаңғырту неғұрлым ерте басталып, қаржыландыру көздері неғұрлым түсінікті болса, болашақта тарифтердің күрт өсу қаупі соғұрлым төмен болады.

Өзгелердің жаңалығы