Елімізде жастарға арналған «Жастармен бірге» республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республикалық байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ғана емес, мемлекеттік органдардың өкілдері де қатыса алады. Байқаудың негізгі мақсаты жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды таныту, жастар саясатына үлес қосу, мемлекеттік орган өкілдерімен тығыз қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Байқау Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның гранттық қаржыландыруы аясындағы «Ules» жобасы негізінде өткізіліп жатыр. Байқау 6 кезеңнен тұрады. 1-кезең байқауға қатысуға өңірлерден өтінімдерді қабылдау болса, 2-кезең «OzgerIS» менторлық бағдарламасы, 3-кезең «Face to face» кездесулер алаңы, 4-кезең Бейнероликтер байқауы, 5-кезең «Жеті жарғы» танымдық алаңы, 6-кезең «Бірлігі жарасқан» дауыс беру ортасы болып белгіленген.
Байқау бүгіннен бастап 23 тамызға дейін арнайы өтінімдерді қабылдау негізінде жүреді. Бізде ulesqos.kz деген арнайы сайт бар. Сол жерде жобаның барлық ережесі мен шарттары көрсетілген. Қатысушылардың сол сайттан ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Жобаның нәтижесінде жеңімпаздарды Астана қаласында марапаттаймыз. 20 номинация бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ меценаттардың көмегімен «Ең үздік ауыл» номинациясы бойынша сол ауылға спорт алаңын немесе балаларға арналған ойын алаңын салып беруді жоспарлап отырмыз, - дейді «Алматы Студенттер Альянсы» ұйымының төрағасы Жасұлан Қуандық.
Байқауға ел аумағында орналасқан ауыл, шағын қала, аудан, қала атынан команда жинақтап, құрылған топ қатыса алады. Әр облыстан кем дегенде 10 топ және республикалық маңызы бар қалалардан кем дегенде 5 топ байқауға қатысушы ретінде тіркелуі қажет.