Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада жұмыс істейтін жастар үшін көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Алдағы уақытта жалға берілетін үйлердің жай-күйі қандай және бұл ретте президенттің Жолдауда жүктеген қандай тапсырмалары басшылыққа алынды? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйене отырып, BAQ.KZ хабарлайды.
Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов Елбасы жариялаған жастар жылында, жұмыс істейтін жастарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешеніне барды. Құрылыс нысандарын өз көзімен көріп, жақынырақ танысты.
Салынған үй-жайлары мен екі деңгейлі паркингі бар тұрғын үй кешені А. Жангелдин, С. Рахимов, Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысында (ескі базар ауданы) орналасқан. Ол 1472 пәтерден тұрады. Тұрғын-үй кешені осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Жас астаналықтар қараша айынан бастап жалдамалы пәтерге өтініш бере алады. Әкімдіктің мәліметінше, елордада 14 пен 29 жас аралығындағы 245 мың адам немесе Нұр-Сұлтан халқының 23%-ы тұрады.
Бұл орайда, пәтерлерді жалға беруде «басымдық кімдерге беріледі» деген орынды сұрақ туындауы мүмкін. Айта кетейік, жас отбасылар, нарықта сұранысқа ие 100 мамандық тізімінен кәсіпті игерген азаматтар, жас кәсіпкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басты үміткерлер болып саналады.
Қазақстанның жас азаматтарына бес жыл мерзімге сатып алу құқығысыз беріледі. Мұндай пәтерлерді жалдау құны 12 мың теңгеге дейін болады.
Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте тұрғын үйді іске қосу қарқынын және құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру қажеттігіне назар аударған болатын.
Президенттің мекемелердегі "қадамдық қолжетімділік" туралы тапсырмасын іске асыру аясында тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы, барлық аудан тұрғындары үшін емхана болады. Ал екінші қабатта – балаларға арналған шағын орталық (балабақша) және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция пункті орналасады.
Шаһар басшысы Алтай Көлгінов балалардың терезеден құлауын болдырмау үшін құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет екеніне баса назар аударып отыр.