- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жастарға 5 мың теңгелік пәтер берілмейді: Баспана алатындарға енді қандай мүмкіндік бар
Жастарға 5 мың теңгелік пәтер берілмейді: Баспана алатындарға енді қандай мүмкіндік бар
Жастарға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтады. Енді баспана алу қалай өзгереді.
Бүгiн 2026, 07:30
Қазақстанда бірнеше жыл бойы жүзеге асқан жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы ресми түрде тоқтатылды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеген болатын. Үкімет бұл шешімді тұрғын үй саясатының жаңа кезеңге көшуімен байланыстырып отыр.
Тұрғын үй мәселесі Қазақстандағы жастар үшін ең өзекті әлеуметтік сұрақтардың бірі болып қала береді. Осы тұрғыда аталған бағдарлама белгілі бір кезеңде маңызды қолдау тетігі болғанымен, енді мемлекет басымдықты басқа бағытқа бұрған. BAQ.KZ тілшісі жауапты ведомствоға сауал жолдап, жастардың тағдыры енді не болатынын сұрады.
Бағдарламаның мақсаты неде болды?
Жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы 2019-2025 жылдар аралығында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылды. Оның негізгі мақсаты - жастарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету арқылы олардың қаржылық тұрақтылығын арттырып, болашақта жеке тұрғын үй сатып алуына жағдай жасау еді.
Бағдарлама аясында пәтерлер сатып алу құқығынсыз берілді, ал жалдау ақысы нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болды.
Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді - 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды, - деді Аида Балаева.
Осылайша, жоба мыңдаған жас маманға ірі қалаларда жұмыс істеп, қаржы жинауға мүмкіндік берді.
Неліктен тоқтатылды?
Бағдарламаның тоқтатылуы бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, заңнамалық өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 9 қаңтарда қабылданған Құрылыс кодексі және 27 наурыздағы №136-НҚ бұйрық негізінде бұл тетік күшін жойды.
Екіншіден, бағдарламаның бастапқы қағидаттары өзгеріссіз қалуы тиіс болды.
Егер келісімшартта сатып алу қарастырылмаған болса, оны өзгерту - басқа қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді, - деп атап өткен болатын Аида Балаева.
Оның айтуынша, кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға деген ниеті түсінікті болғанымен, мемлекеттік шешімдер баршаға ортақ ережелерге негізделуі қажет.
Қазіргі қатысушыларға қандай талап қойылады?
Бағдарлама тоқтатылғанымен, оған қатысқан азаматтардың құқықтары сақталады:
• жалдау мерзімі аяқталғандар келісімшарт талаптарына сәйкес пәтерді босатады;
• мерзімі аяқталмағандар келісімшарт біткенге дейін тұра алады;
• барлық сұрақ бойынша жергілікті әкімдіктер мен «Отбасы банк» кеңес береді.
Үкімет жастарды жаңа мүмкіндіктерді алдын ала қарастыруға шақырады.
Мемлекет қандай бағытқа көшіп жатыр?
Жаңа саясаттың негізгі бағыты - уақытша жалдамалы тұрғын үйден тұрақты баспанаға көшу. Яғни мемлекет енді жастарға арзан жалға пәтер беруден гөрі, оларды жеке үй сатып алуға ынталандыратын қаржылық құралдарды дамытуды көздейді.
“Отбасы банкімен” бірлесіп 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман баспаналы болды, - деді Аида Балаева.
Бүгінде «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары негізгі тетікке айналып отыр. Ресми дерекке сәйкес, барлық мақұлданған өтінімдердің 62%-ы жастардың үлесіне тиесілі.
Министрлік: басымдық – тұрақты шешімдерге
Бұл шешімге қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті де ресми түсініктеме берді. Комитет төрағасы Қайрат Қамбаров мемлекеттік саясаттағы өзгерісті нақтылап өтті.
Қазіргі кезеңде басымдық жастардың жеке баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік беретін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды дамытуға беріліп отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, 2019-2025 жылдары жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тиімді болғанымен, ол уақытша құрал ретінде қарастырылған.
Бұл бағдарлама мыңдаған жастың қаржылық жүктемесін азайтып, жеке баспана алуға дайындалуына мүмкіндік берді, - деді Қайрат Қамбаров.
Өңірлік бағдарламалар - жаңа драйвер
Бүгінде жастарды баспанамен қамтудың негізгі тетіктерінің бірі - өңірлік бағдарламалар. Олар «Отбасы банкпен» бірлесіп жүзеге асырылады.
Ресми мәліметке сәйкес:
• 2017 жылдан бері 224,7 млрд теңге бағытталған;
• 12 375 жеңілдетілген қарыз берілген;
• бағдарламалар еліміздің 17 өңірінде іске асырылуда.
Бұл бағдарламалар бастапқы жарнаның төмен болуын (10%-дан), қолжетімді пайыздық мөлшерлемені және ұзақ мерзімді несиелеуді көздейді.
Басты мақсат - тұрғын үй құралдарының барлық өңірдегі жастар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету, - деп атап өтті министрлік.
Кезекте тұрған жастар не істейді?
Бағдарламаға қатысуды жоспарлаған немесе кезекте тұрған жастар енді басқа тетіктерге бағытталады. Бұл бағытта әкімдіктер мен «Отбасы банк» кеңес беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Негізгі міндет – жастарды уақытша жалдамалы баспанаға емес, тұрақты тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік беретін құралдарға бағдарлау, - деді Қайрат Қамбаров.
Елорда тұрғыны Айдана Тұрсыматова жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының нақты нәтижесін өз тәжірибесі арқылы бөлісті. Оның айтуынша, бұл жоба жас отбасы үшін үлкен мүмкіндік болған.
«Бір баламен кіріп, үш баламен шықтық»: бағдарлама қатысушысының бірі биыл баспаналы болды
Иә, біз бұл бағдарламаның қатысушысымыз, үйде 5 жыл тұрдық. Біз үшін өте тиімді болды. 2021 жылдың ақпанында жаңа үйге бір баламен кіріп, биыл үш баламен шықтық. Осы уақыт ішінде жолдасым 2-3 жұмысты қатар алып жүріп, ай сайын “Отбасы банкке” ақша жинадық. Бағдарлама шарттарында көрсетілгендей, бастапқы жарна жинауға мүмкіндік болды, – дейді ол.
Оның сөзінше, бес жыл өткен соң отбасы жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізген.
5 жыл өткенде бізге 5% мөлшерлемемен 22 млн теңгеге дейін ипотека берілді. Өзіміз жинаған қаражатты қосып, 3 бөлмелі пәтер алдық, – дейді елордалық.
Дегенмен, Айдана бағдарламаның тоқтатылуына қатысты да пікір білдірді.
Бағдарламаның тоқтап жатқаны өкінішті. Жастардың кейбірі үлгермей қалды, ақша жинай алмады. Кейбірі берілген пәтерден шыққысы келмей жатыр. Соның да әсері бар деп ойлаймын, – деді ол.
Соған қарамастан, кейіпкер бағдарламаға ризашылығын жасырмады.
Біз бұл бағдарламаға өте ризамыз. Тіпті жеңілдетілген ипотека болмаса да, жинаған ақшамызға 50/50 бағдарламасымен үй алар едік. Бірақ осы бағдарлама арқасында кең, әдемі үй алдық, – деп айтты Айдана Тұрсыматова.
Жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының тоқтатылуы - тұрғын үй саясатының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Мемлекет енді жастарды уақытша баспанамен қамтудан гөрі, оларды толыққанды тұрғын үй иесіне айналдыруға бағытталған жүйені дамытуды көздеп отыр.
Ең оқылған:
- Астанада көпқабатты үйден өрт шықты: Үш бала қаза тапты
- Түркия Нетаньяхуға және 36 израильдік шенеунікке қамауға алу ордерін берді
- Иран келісімге келмесе, АҚШ қандай қадамға барады: Трамп мәлімдеме жасады
- Астанадағы қайғылы өрт: Үш баланың өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды
- 9-қабаттың шатырына шыққан: Қарағандыда 16 жасар қыз құтқарылды
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА