- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жастардың жаңа өмір салты: Ұлттық баяндама құрылымы қайта қаралды
Жастардың жаңа өмір салты: Ұлттық баяндама құрылымы қайта қаралды
Ұлттық баяндамада жастар ортасындағы жаңа үрдістер талқыланды.
Бүгiн 2026, 15:06
«Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы елдегі жастар ортасының қалай өзгеріп жатқанын жүйелі түрде талдауға мүмкіндік беретін негізгі құжаттардың бірі болып қала береді. Бұл туралы елордада өткен сараптамалық кездесуде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Талдау және коммуникациялар басқармасының басшысы Алёна Дмитриева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2026 жылы ұлттық баяндаманың 14-ші шығарылымы дайындалады.
Бұл құжат 2013 жылдан бері жыл сайын әзірленіп келеді. Ол Президент әкімшілігі мен Үкімет деңгейінде қарастыруға ұсынылатын маңызды аналитикалық базаға айналды, – деді Алёна Дмитриева «Қазақстан жастары – 2026» ұлттық баяндамасы жобасының мазмұндық бөлігін талқылауға арналған сараптамалық кездесуде.
Спикер ұлттық баяндаманың құрылымдық эволюциясына да тоқталды.
Соңғы жылдары баяндамада демография, білім беру, денсаулық және әлеуметтік-экономикалық жағдай сияқты базалық бағыттар сақталғанымен, олардың мазмұны айтарлықтай күрделене түсті, – деді ол.
Белгілі болғандай, алғашқы баяндама 2013 жылы жарық көріп, жеті тараудан тұрған. Кейінгі жылдары құрылым жаңа тақырыптармен толықтырылып отырды.
Мысалы, жастар субмәдениеттері, NEET санатындағы жастар, менталдық денсаулық, цифрлық сауаттылық, қауіпсіздік мәселелері, жастар ресурстық орталықтарының қызметі және Жастардың даму индексі сияқты бағыттар енгізілді, – деп түсіндірді Дмитриева.
Оның сөзінше, 2023 жылы жастардың жас шегі 35 жасқа дейін кеңейтілгеннен кейін баяндама құрылымы қайта қаралған.
Талдауға мансаптық тұрақтылық, отбасылық стратегиялар, қаржылық мінез-құлық және ұзақ мерзімді әлеуметтік бейімделу сияқты жаңа өмірлік кезеңдер енгізілді, – деді ол.
Соңғы екі жылда цифрлық тақырыптардың да маңызы артқан.
2024-2025 жылдардағы шығарылымдарда жасанды интеллект, цифрлық сауаттылық және медиамінез-құлыққа қатысты бөлімдер күшейтілді. Сондықтан 2026 жылғы құрылым – бұл жай ғана бөлімдерді жаңарту емес, жастардың өзгеріп жатқан әлеуметтік шындығына аналитикалық құралды дәл бейімдеу әрекеті, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Демография және экономикалық мінез-құлық
Алёна Дмитриева демографиялық фактордың да маңызы артқанын айтты.
Жастардың жас шегі кеңейгеннен кейін олардың саны 5,8 миллионнан асып, ел халқының шамамен 29 пайызына жетті. Бұл еңбек нарығына, білім беру жүйесіне және әлеуметтік инфрақұрылымға ұзақ мерзімді әсер етеді, – деді ол.
Экономикалық мінез-құлыққа қатысты өзгерістер де назарда.
Жас кәсіпкерлер саны шамамен 18 пайызға артты. Сонымен бірге жұмыспен қамтудың цифрлық және икемді форматтары кеңінен таралуда, – деді Дмитриева.
Спикердің айтуынша, соңғы бес жылда жастардың кредиттік жүктемесі 4,3 есеге өсіп, шамамен 5 триллион теңгеге жеткен.
Сондықтан креативті экономика мен қаржылық сауаттылық мәселелері құрылымға жеке бағыт ретінде енгізілді, – деп түсіндірді ол.
Білім, ғылым және мәдениет
Білім беру мен ғылым саласындағы өзгерістерге де ерекше назар аударылған.
Мектептердің шамамен 99 пайызы интернетпен қамтылғанымен, цифрлық теңсіздік сақталып отыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында жастардың 44,7 пайызы интернет сапасын төмен деп бағалаған, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, ғылым саласында жас зерттеушілер үлесі артып келеді.
2024 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жастар үлесі 28,3 пайызға жетті. Бұл үрдіске «Жас ғалым» бағдарламасы мен жас ғалымдардың құқықтары жөніндегі омбудсмен институты серпін беруде, – деді Дмитриева.
Спикер мәдениеттің де жаңа мазмұнда қарастырылып жатқанын айтты.
Қазіргі құрылымда мәдениет тек бос уақытты ұйымдастыру саласы емес, интеллектуалдық дамуды қолдайтын және ұлттық бірегейлікті нығайтатын кеңістік ретінде бағаланады. Индустрия 4.0 жағдайында ақпараттық сауаттылық, әлеуметтік интеллект және сыни ойлау сияқты метадағдылардың маңызы арта түседі, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Денсаулыққа қатысты зерттеулер де маңызды үрдістерді көрсеткен.
Жастар өз денсаулығын жоғары бағалайды. Алайда зерттеулер эмоционалдық шиеленістің өскенін және жастардың 53 пайызы дистресс жағдайында екенін көрсетіп отыр, – деді ол.
Қоғамдық белсенділік және еріктілік
Алёна Дмитриева жастардың қоғамдық белсенділігі де өзгеріп жатқанын жеткізді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, жастардың 25,5 пайызы еріктілікті өзін-өзі жүзеге асырудың маңызды тәсілі деп санайды, – деді ол.
Оның айтуынша, жастардың саны шамамен 6 миллион адамды құрайды және бұл топ маңызды қоғамдық әрі электоралдық ресурс болып отыр.
Цифрлық ортаға қатысты жаңа тарау енгізілуінің себебін де түсіндірді.
Бүгінде цифрлық кеңістік жастардың әлеуметтенуіне тікелей әсер ететін дербес факторға айналды. Әсіресе Z және Alpha буындары үшін ол күнделікті өмірдің табиғи бөлігі, – деді Дмитриева.
Цифрлық орта және ЖИ
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жастардың 79 пайызы жасанды интеллект технологияларын үйренуге дайын.
Сонымен бірге алгоритмдік ықпал мен онлайн-қауіптерді талдау қажеттігі күшейіп келеді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Ұлттық баяндаманың қорытынды тарауы мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін бағалауға арналған.
Соңғы жылы жастардың жүргізіліп жатқан шараларға қанағаттану деңгейі 68,7 пайыздан 45,8 пайызға дейін төмендеді. Сондықтан саясаттың нақты әсерін бағалау маңызды. Ұлттық баяндама жастар ортасында болып жатқан негізгі өзгерістерді көрсететін және алдағы жұмыс бағыттарын айқындайтын аналитикалық негіз болып қала береді, – деп түйіндеді Алёна Дмитриева.
Ең оқылған:
- Астанада жоғалған жасөспірім 1000 шақырым жерден табылды
- Атырау облысындағы отбасының өлімі: ІІМ жаңа мәліметтерді жариялады
- Жемқорлық үшін сотталған Бақытгүл Хаменованың жазасы жеңілдетілді
- Мәйітті сөмкеге салып, қоқысқа тастаған: Ақтөбеде 55 жастағы ер адамды өлтірген күдікті ұсталды
- «Екеуі ауыр халде»: Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендер туралы жаңа мәлімет