Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов жастар саясатын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.
Оның сөзінше, Қазақстанда жастар халықтың жалпы санының 20,2%-ын құрайды. Сондай-ақ жастар елдің берекелі болашағының стратегиялық ресурсы екеніні белгілі.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы бойы жастардың жағдайын жақсартып, мүдделерін қамтамасыз ететін жан-жақты дамытатын мемлекеттік қолдау шаралары артып келеді. Шаралар кешені Жастар жылы аясында жол картасы іске асырылды. Сонымен қатар мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аяқталды, - деп түсіндірді вице-министр Мәжілісте.
2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен 1 млн-нан астам жас қамтылды.
Жастар саясатын одан ары іске асыру мақсатында Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. ҚР-ның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда айқындалған жастарды қолдау жөніндегі 9 бағытты қамтиды.
Қазіргі уақытта жастар саясатын іске асыру жөніндегі институционалдық база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес, кәсіпорындарда, ЖОО-ларда, колледждерде жастар ісі жөніндегі 897 комитет жұмыс істейді, - деп атап өтті Оралов.
Вице-министр атағандай, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша жастардың әлі күнге дейінгі өзекті мәселелері – жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі және қолжетімді, әрі сапалы білім алу.
Осы жылы ақпан-наурыз аралығында әр өңірдің даму ерекшелігін ескере отырып, жастар саясатының өзекті мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Сондай-ақ биыл жастар саясаты саласында бірқатар негізгі міндет айқындалып, оларды іске асыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы әзірленуде, - деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, жастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр.
Жоба аясында жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру мәселесі қарастырылады.