Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. StopMusor эко-кампаниясы аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы жастар мен елорда белсенділері үшін ақпараттық-оқыту алаңын ұйымдастырды.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева атап өткендей, жастар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қатысуы керек.
Біздің мақсатымыз - ата-бабадан қалған асыл қазынаны ұрпаққа табыстау. Далада қоқыстың шашылып жатпауын, полиэтилен пакеттерінің ұшпауының алдын алуымыз керек. StopMusor жобасын жас команда жүзеге асырып жатыр. Қалдықтардың мәселесі өте өзекті болып отыр. Азық-түлік қалдықтары мен өндірістік, құрылыс материалдарының қалдықтары бар. Оған қоса қоқыс бар. Азаматтар қоқыс қалдығы адам денсаулығына әсер ететінін түсінуі керек, – деді Соловьева.
Оның айтуынша, жоба екі жылдан бері экологиялық сауатты арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Әрбір тұрғынның алдында әлеуметтік міндет бар. Азаматтар қалдықтардың қайта өңделуіне өз үлесін қосуы керек, – деді ол.
Іс-шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрмыстық қалдықтарды жауапкершілікпен кәдеге жарату, сондай-ақ World clean up day дүниежүзілік акциясы аясында еріктілерді даярлау мақсатында өткізілді.
Қазақстан 2018 жылдан бастап ауқымды акцияға қатысушы. Сонымен қатар аталған акцияға қатысушылар мен мүдделі тұлғалардың саны жыл сайын артып келеді.