Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бурабайда IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында өткен "Мәдениет. Өнер. Руханият" секциясында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында дін саласында сауаттандыру жұмыстарын күшейтіп, діни мекемелердің оқыту саясатын бір қалыпқа келтіру мүмкіндігін қарастыру, конфессияаралық келісімді нығайту бойынша жұмысты жалғастыру жұмыстары қозғалды.
Жастар арасында діни сауаттылықты, оның ішінде ақпараттық-ағарту науқандары және діни оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірге медресе мен діни оқу орындарында оқыту стандарттары қайта қаралуда, оқу материалдарының мазмұнына бақылау күшейтілді. “Дін саласындағы профилактикалық және оңалту жұмысын ұйымдастыру туралы” құжаттар топтамасы әзірленіп, ҚР Үкіметі жанындағы Дін саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі комиссияның отырысында мақұлданды, - деді Балаева.
Өңірлердегі оңалту жұмысы осы құжаттар топтамасына сай жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар 2025 жылдың 1 жартыжылдығына жастар арасындағы радикалдану деңгейін төмендетуді зерттеу мақсатында “Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығымен” бірге “Жастар дін іздеу жолында” ғылыми зерттеу жұмысы жоспарланып отыр. Министрлік конфессияаралық диалогты нығайту және радикалданудың алдын алу жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр. Қазіргі кезде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 8-ші съезіне дайындық жүргізіліп келеді, ол Қазақстанның диалог орталығы ретіндегі халықаралық беделін нығайтары анық, - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Еске сала кетейік, Аида Балаева Бурабайда IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында өткен "Мәдениет. Өнер. Руханият" секциясында Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің жағдайы жайлы айтты.