Елімізде жастардың 40%-дан астамы Instagram-ды жиі пайдаланады, сондай-ақ олардың басым бөлігі отандық бейнеконтентті қарағанды жөн көрсетеді. Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Әлеуметтанулық зерттеулер және болжамдау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденова «Жастар, отбасы және Қазақстандағы демографиялық даму» тақырыбындағы дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуін өткізген. Ауқымды сауалнамаға еліміз бойынша 14-34 жас аралығындағы 2000 респондент қатысқан.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Instagram мен TikTok желілері жастар арасында жетекші цифрлық платформаларға айналған.
«Жастардың 43,3%-ы Instagram-ды, 34,7%-ы TikTok-ты жиі пайдаланады. Сонымен қатар, 54,6%-ы Reels, Shorts және өзге де қысқа бейнероликтерді таңдайды. Осылайша, қысқа бейнеформат жастар аудиториясымен коммуникация орнатудың негізгі арналарының бірі болып отыр», – деді Сабина Шаймерденова.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандық контент жастар арасында 49,9 пайызбен көш бастап тұр. Салыстырмалы түрде, ресейлік контентті – 32,4%, америкалық контентті 30,2% жастар тұтынады. Ал 23,2% үшін контенттің қай елде жасалғаны маңызды емес.
Қазақстандық қоғамдық даму институты
Десе де, бейнеконтентті тұтыну кезінде жастардың 60,3%-ы орыс тілін, 36,0%-ы қазақ тілін таңдайтыны белгілі болды. Ал кітап оқу бойынша көрсеткіштер шамалас: 45,1%-ы көбіне қазақ тілінде, 44,5%-ы орыс тілінде оқиды.
Сонымен бірге сарапшы жастардың күнделікті қарым-қатынас тіліне тоқталды.
«Респонденттердің 58,5%-ы үйде негізінен қазақ тілінде сөйлейді. Достарымен қарым-қатынаста бұл көрсеткіш 52,2%-ды, ал жұмыс орнында 48,3%-ды құрайды. Бұл нәтижелер қазақ тілінің жастардың күнделікті қарым-қатынас кеңістігінде орнықты қолданысқа ие екенін айқын көрсетеді», – деді ол.