Астанадағы «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика кешенініңде қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Жастарды спортқа баулу» атты тақырыпта брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға Астана қаласының 100-ге жуық спортшыларымен қатар қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Даветханұлы, «AMANAT» партиясы жанындағы Жастар рухы Жастар қанаты елордалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм, әлем деңгейіндегі бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының жеңімпазы пара жүзуші Сиязбек Далиев, ардагерлер арасындағы еркін күрестен Əлем чемпионатының жеңімпазы, еркін стильдегі қазақстандық балуан, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Нұрлан Бекжанов қатысты.
Брифинг аясында елордалық спортшылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауын талқылап, спикерлерге сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары Астана қаласындағы бұқаралық спортты дамыту жөніндегі жобалар мен алдағы Республика күніне орай өтетін бірқатар іс-шаралар жайлы толығырақ бөлісті.
«Ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақ ол сіздерсіздер. Спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Десек те, көпшілігіміз спортпен айналысуды тұрақты түрде дағдыға айналдыра алмай жүргеніміз тағы жасырын емес. Оның түрлі себептері де жетерлік. Бұл тұрғыда, үлкендер жағын айтпағанның өзінде, жастардың алдынан да көптеген кедергілер көлденеңінен шығып жатады. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе. Болашағымыз деп үміт артқан жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны да көңіл құлазытпай қоймайды. Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желі арқылы әңгімелеседі екен»-, дейді басқарма басшысының орынбасары.
Астанада қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ туризмді дамыту жолға қойылып келеді. Әсіресе, елордалықтардың белсенді демалысын ұйымдастыруға барынша көңіл бөліне бастады. Жыл басынан бастап елордада 300-ге тарта бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 80 мың қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылып келеді. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын дейді қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары.
«Астана – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде елордамыз Астана қаласын спорттық кластері жақсы дамыған қала деп атауға болады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Жолдауда Мемлекет басшысы негізінен әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолдарын қамтитын 5 бағдарды атап өтті. Баршаға аян, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұқаралық спортқа оның ішінде балалар спорты мен жастар арасындағы спортқа үлкен ден қойып, жаңа міндеттерді алға тартты. Осы орайда елордада бірнеше жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар Халықаралық додаларда жоғар деңгейде өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Атап айтсақ Әлем жене Азия чемпионаттарында ел спортшылары 133 алтын, 135 күміс, 148 қола жүлдені жеңіп алды.
Соның ішінде Астана қаласының спортшыларының нәтижесі алдыңғы жылдан қарағанда өте жақсы деп атауға болады. Бұл ел спорты үшін үлкен нәтиже.
Өздеріңізге белгілі күні кеше аяқталған Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды. Өздеріңізбен қуана бөлісер жаңалықтарымыздың дәл осы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары енді Қазақстанда өтеді. Төрт жылда бір рет өтетін, әлем елдерінің ынтымағын нығайтып, түркі халықтарының ұлттық спорт түрлері мен мәдениетін насихаттауға ықпал ететін шараны өткізудің өзі әр ел үшін үлкен абырой. Енді, дәл осы мүмкіндік ресми түрде елімізге бұйырып, 2024 жылғы V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде Қазақстан таңдалынды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кеше өзі мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ биылғы жылы спорт саласында жасалған ауқымды жұмыстардың бірі деп Спорт төрешілерінің жалақысы артуын атап кетуге болады. Мәдениет және спорт министрліктің қолдауының арқасында елімізде спорт төрешілеріне төленетін еңбекақы мөлшері 2022 жылдан бастап 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен базалық лауазымдық айлықақы 10 нан 100 пайызға дейін өсетін болады. Бұл өз кезегінде спорт төрешілерін ынтадандырып қана қоймай, ел спортына жаңа серпін береді. 1994 жылдан бастап өзгеріссіз келген өзекті мәселені шешудегі негізгі мақсат «Төреші» мамандығының беделін көтеріп, онымен бірге еліміздегі барлық деңгейдегі спорттық жарыстардың сапасын арттыру.
Осылайша біз аталған мамандыққа деген сұранысты жоғарылатып, әділ төрелік ететін төрешілер қатарын көбейтеміз деген сенімдемін. Жаңа қаулы бойынша халықаралық дәрежедегі төрешілердің базалық лауазымдық айлықақысы 2654,6 теңгеден 17697 теңгеге, жоғары дәрежедегі спорт бойынша ұлттық төрешілер ақысы 2123,6 теңгеден 15927 теңгеге, спорт бойынша ұлттық төреші 1769,7 теңгеден 14158 теңгеге, 1 дәрежедегі спорт бойынша төреші 1415,8 теңгеден 12388 теңгеге, спорт бойынша төрешілер ақысы 1238,8 теңгеден 10618 теңгеге болып өзгереді. Жаттықтырушылар мен спортшыларға өмірлік ай сайынғы жалақы тағайындалды.
Олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарын жане олимпиада ойындардың чемпиондары мен жулдегерлерин дайындаған жаттықтырушылар мен спортшыларға төленетін ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету мөлшері 24 МРП-дан 100 МРП-ға дейін өсті. Ақшалай санағанда 73 мыңнан 318 мың теңгеге дейін өсті. Бұл жоба үкімет қаулысымен бекітілген «халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарының 5-тармағына сәйкес жүзеге асады. Тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық соңғы он жылдықта өзгеріссіз келген Ұлттық штаттық бірлік 1000 нан 3000 ға өсті. Бұл дегеніміз Ұлттық құрама сапындағы спортшылар мен бапкерлер саны артып, олар ай сайын мемлекет тарапынан тиісті еңбекақы алу мүмкіндігіне ие болады.
Алда келе жатқан Олимпиада ойындарына да дайындық тиісті деңгейде жүзеге асуда. Оған арнайы "Париж-2024", "Милан-2026" бағдарламалары әзірленді. Бәрімізге мәлім ARTSPORT бағдарламасы жайлы да айта кетуге болады. Балалар мен жастарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен қатар, Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін заңнамалық деңгейде алғаш рет тиісті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз ете отырып, балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар тетігі енгізілді»-деп атап өтті.
Балалар спортқа бейім болуы үшін ең бірінші кезекте біз ата-аналарды спортқа тартуымыз керек. Ел көлемінде бұқаралық спорт дамығанда ғана біз саламатты Қазақ елі ретінде дамуға бет аламыз. Ол үшін әрине, еліміздің түкпір-түкпірінен халыққа тегін немесе қолжетімді деңгейде қызмет көрсететін спорт кешендерін көптеп ашуға тиіспіз дейді, - әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Нұрлан Бекжанов.
Сонымен қатар қалалық спорт басқармасы алдағы Республика күніне орай өтетін бірқатар іс-шаралармен де бөлісті.
«Иә өздеріңізге мәлім Мемлекет басшысы 25 қазан жалпы ұлттық мереке Республика күні деп жариялады. Астанада бұл мерекені біз спорттық жарыстармен атап өтіп жатырмыз. Мысалығы кеше ғана қыздар арасында Республика күніне арналып қол добынан Республикалық чемпионат өтті, Алау мұз сарайында семсерлесуден республикалық турниріміз өтіп жатыр, алғаш рет елордада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Шоудаун үстел теннисінен бірінші ашық қалалық жарыс өтті. Осылардың барлығы Республика күніне орайластырды. Алдыда енді 24-25 қазан күндері Астана іргесіндегі «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында «Арғымақ» ат - сауықтыру спорт кешенінің ашылуына орай ат спорты бойынша спорттық жарыстар өтеді. Республика күніне арналған шара аясында ат спортының конкур және бәйге түрлерінен турнир өтпек. Конкурдан ашық біріншілік «Арғымақ» ат - сауықтыру спорт кешенінде ұйымдастырылады. Бұл сынға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ге жуық шабандоз қатысады деп күтілуде. Олар екі күн бойы биіктігі мен күрделілігі бойынша үш түрлі бағытта бақтарын сынайтын болады, - деді ол.
Сондай-ақ 25 қазан күні сағат 14:00-де «Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен турнир өтеді. Бәйге сайысында Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 100-ге жуық таңдаулы жүйірктер бақтарын сынайды. Екі қашықтықта өтетін жарыс бағдарламасына 20 шақырымға шақталған «аламан» бәйге мен 14 шақырымдық «топ» бәйге кіреді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 17 000 000 теңгені құрайды. Айта кетейік, бәйге түрлерінен өтетін республикалық турнир 25 қазан ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылады.
Талқылау қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар қыркүйектегі Жолдау еліміздің өркендеген мемлекетті қалыптастыру жолындағы одан әрі ілгерілеуінің стратегиялық бағытын белгілегенін, оған әрбір азамат өзінің лайықты үлесін қосуы керектігін атап өтті. Елордалық спортшылар Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа беттерін ашып, ел дамуына жаңа серпін беретіндігіне сенімді.