Жастар жылы: Қарағандыда тұңғыш рет «Медицина балы» өтті

12 Мамыр 2019, 16:03
2396
Бөлісу:
Жастар жылы: Қарағандыда тұңғыш рет «Медицина балы» өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Жастар жылы аясында «Медицина балы» өтті, деп хабарлады «Хабар 24». 

Республика бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған игі шараға студенттер мен жас дәрігерлерден құралған 31 жұп қатысты. 

Салтанатты кештің шымылдығы «Қазақ вальсімен» ашылды. Әсем әуеннің ырғағына еліткен 31 жұп ортада әдемі би өрнегін көрсетті. Ең қызығы, олардың ешбірі де бұрын-соңды өнердің бұл түрімен кәсіби тұрғыда айналыспаған. Сондықтан балға қатысушыларды онколог-дәрігер, әуесқой биші Юрий Фоменко екі ай дайындапты.  

«Бұрындары өз өмірінде кәсіби хореографиямен айналыспаған адамдарды биге үйрету, олардың әуенді есту, оны сезуі, әрбір қозғалысы оңайға соққан жоқ. Дегенмен де олардың барлығы бүгін өз өнерлерін барынша көрсетеді. Екі ай дайындалдық, яғни 15 жаттығу болды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Темірлан Саматов.  

Балға қатысқан 31 жұптың барлығы да – медицина университетінің студенттері мен жас дәрігерлер. Бұл күні оларды қолдауға жиналған халықтың қарасы көп болды. Кеш соңында биге қатысқан азаматтың бірі Айдын Амангелді сүйіктісі Тоғжан Оспановаға өмірлік жар болуға ұсыныс жасады. 

Бүгінде жас жұбайлардың екеуі де теміржол ауруханасында еңбек етеді. Айдын жедел-жәрдем қызметінің фельдшері болса, Тоғжан медбике. Екі жыл бұрын табысқан жарасымды жұп биыл шаңырақ көтеруге бел буыпты. 

«Бүгінгі күнді өзім ұзақ күткенмін. Өте қобалжыдым. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын», - деп атап өтті қала тұрғыны Айдын Амангелді. 

Балдың жүлде қоры – 2 млн 500 мың теңге. Бұл күні 31 жұптың барлығы да марапатталып, ақшалай сыйлық алды. Ал әділ қазылар кештің ханзадасы мен ханшайымын анықтап, тәж кигізді. Енді игі шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрмақ.

Өзгелердің жаңалығы