Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстанда жүздеген тұрғын облыстық әкімдік пен өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны саналатын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Жастар жылының» ашылу салтанатының тікелей трансляциясын көруге мүмкіндік алды.
Қызылжардағы басқа да ұйымдар жылдың елеулі жаңалығын мүлт жібермеді. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы да «Жастар жылының» ашылу салтанатының онлайн көрсетілімін бір адамдай жұмылып тамашалады. Әр сыныпта Елбасының қатысуымен өткен шарадан тікелей трансляция жүріп жатты.
«Мен сыныптастарыммен бірге тікелей эфир арқылы «Жастар жылының» ашылу салтанатының куәсі болдым. Түрлі салада толағай табыстарға жетіп жүрген замандастарымның сөздері мені қанаттандыра түсті. Биыл мектепті тәмәмдәп, жоғары оқу орнына құжат тапсырамын. Болашақта өз еліме қызмет етуге мүмкіндік беретін мамандықты таңдағым келеді. Биылғы жылдан күтерім мол. Бұған дейін де мемлекетімізде жастар категориясы Елбасының ерекше назарында болатын. Енді біздің алдымыздан тағы да биік белестер ашыла түсетініне сенімдімін. Жасалып жатқан осындай мүмкіндіктерді пайдалану – біздің міндетіміз», - дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрай Көбеген.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Әділбек Ысмағұлов – өкселең ұрпақтың ақпараттық технологияларды меңгеруі – елімізді жарқын болашаққа бастайтынына сенім білдірді.
«Біздің мектеп заманауи құралдармен жабдықталған. Шәкірттердің терең біліп алып, жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалған. Биылғы жыл аясында қала мектептерінде ғана емес, ауылдық жерлерде де жаңа технология, робототехника салаларын ілгерілету мәселелеріне көңіл бөліп, өрендерді аталған бағыттарға баулу керек», - дейді информатика пәнінің мұғалімі.
Эльмира Кәленова
Фотолар: автор