Жастар жат ағымдардың жетегіне неге ереді?

26 Ақпан 2021, 12:49
4581
Бөлісу:
Жастар жат ағымдардың жетегіне неге ереді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордадағы «Діндерді зерттеу орталығының» бөлім басшысы Бексұлтан Төреханұлы өз пікірімен бөлісті.

Оның айтуынша, қазіргі кезде әлем айтарлықтай өзгеруде және оның негізгі ерекшеліктерінің бірі қоғамның жалпыға бірдей цифрландырылуы, бұл процесс баршамыз үшін елестете алмайтын мүмкіндіктер сыйлады. Оның басты жемістерінің бірі – интернет желісі, ол әртүрлі мәдениеттегі адамдарға экзотикалық елдермен танысуға, алыс мемлекеттердегі адамдар арасында қарым-қатынас орнатуға және тұтастай алғанда қазіргі қоғам мүмкіндіктерін едәуір арттыруға көмектесті. 

Жалпы цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпеді, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және басқа да дінге қатысты ақпаратты табуды айтарлықтай жеңілдетті. Интернет желісінде діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйелеріне сізді қызықтыратын сұрақты «қою» ғана жеткілікті, ары қарай ақпарат ағыны топан судай шыға келеді. Ал, бұл ақпарат ағындарының арасында, өкінішке орай, жиі кездесетін қауіпті құбылыстың бірі деструктивті ағымдардың идеяларына толып тұруы.

 Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қауіпінде жүр. Жастардың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке басының әлі де толықтай қалыптаспағандығы және жас санаға оңай әсер ете алу жағдайына байланысты. Сонымен қатар тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени жағдайлар да жастардың радикалдар мен экстремистердің қатарларына түсіп кету қаупін арттырады. Жастарды деструктивті діни ағымдардың қатарына тартудың жоғарыда аталған факторлардан басқа, деструктивті идеологияға апарудың бірнеше әмбебап компоненттері бар, – дейді дінтанушы. 

Ол, деструктивті діни ағымдардың танымал болуының кейбір себептерін егжей-тегжейлі қарастыра отырып, себептердің әрқайсысы өздігінен жеткілікті және маңызды екенін айтты. 

Бірінші себеп радикалды контенттердің «батылдыққа» және әсерлілікке негізделуінде. Әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын контенттің тым көптігіне байланысты желіқолданушылар бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді және т. б. өзгеше контенттерді іздей бастайды. Осы тұста радикалдардың тарапынан шығатын контенттің қаупі жоғары екенін ескеру қажет, себебі радикалдар беретін ақпарат мазмұны априорлық сипатпен ерекшеленеді, бұндай контент кез-келген үйреншікті мазмұнға қарағанда қызықты болып келеді. Контенттің артықшылығы оның «батылдыққа», тыйым салуға, милитаризацияға, еркін рұқсат етушілікке және қалыптасқан әлеуметтік нормаларды қатаң сынға алуға негізделген. 

Екінші себеп қазіргі поп-мәдениеттің әсері, атап айтқанда, анти-батырларға негізделген, қоғамға анархиялық идеяларын тарататын фильмдердің ықпалы ерекше дегенін айтты.

 Мәселен, «Marvel» киносынан титан Танос, «DC» киносынан Джокер, «Бригада» киносериалынан Александр Белов (Саша Белый) және т.б. осыған ұқсас өнімдерді мысалға алсақ болады. Мұндай туындылар басты кейіпкерлердің анархиялық әрекеттерін ақтайды, содан кейін көрерменде әділетсіздік сезімі және әлеуметтік негіздерді түбегейлі өзгертуге деген ұмтылыс пайда бола бастайды. Сондықтан-да радикалды «уағызшы» мұсылмандардың кәпірлерді қудалау керектігін, қарсы жиһад жасаудың дұрыстығы және т.б. өзінің позициялық идеясын насихаттаған кезде жас жігіт жанағы сөздерге сеніп, радикалға еліктей бастайды, себебі оның ішкі санасында жәбір көргендерді қорғау керек екен деген ой «орныққан», - дейді Бексұлтан Төреханұлы  
Үшінші себеп, әлеуметтік әділетсіздік. Бірқатар экономикалық және әлеуметтік проблеманың, непотизм мен сыбайлас жемқорлықтың белен алуына байланысты жастар қоғамның ауқатты өкілдер тарапынан кемсітушілік сезінеді. Аты шулы ДАИШ жақтастары «әлеуметтік әділеттілік» идеясын насихаттау арқылы өздерінің қатарларын толықтыруда. Бірақ бұл айтып жүрген насихаттың ақыры шындыққа жанаспауда.

Төртінші себеп, маркетинг саласы. Әлеуметтік желілерде және интернетте модераторлық жүйелерді жетілдірген кезде де, радикалды контент авторлары оларды айналып өтіп, тіпті таргет арқылы насихаттық материалдарын жарнамалай бастады.

Әдетте таргет жарнамасын бергенде фотосуреттер мен бейнежазбалар «бейбіт» түсіндіру, «қызықты» және танымал сұрақтарға жауап ретінде беріледі. Мысалы «Исламда ақшаны қалай үнемдеуге болады?», «Әйелді неге ренжітпеу керек?», «Ата-анамен қандай қарым-қатынаста болу қажет?» және басқа да өзекті сұрақ-жауаптар. Өкінішке қарай, олар үшін бұл схема өте тиімді, егер сіздің таргет жарнамасынан хабарыңыз болса, онымен жұмыс жасау оңай әрі пайдалы екенін білесіз. Жастар таргет жарнамасын көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары-қарай радикалдану процесі басталады, - дейді ол.

Дінтанушының айтуынша, деструктивті діни ағымдардың танымал болуының себептері өте көп. Мемлекеттің әлеуметтік желілердегі көптеген топтарды бұғаттауға арналған қарқынды жұмысына қарамастан, адамдар әр түрлі арналар арқылы ақпараттарды әлеуміттік желілерден іздеуде. 
Сондықтан да, дінге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда интернет арқылы емес, ақпараттарды Қазақстанда тіркелген діни ұйымдардың мекемелерінен немесе олардың ресми сайттарынан алған дұрыс, – дейді елордадағы «Діндерді зерттеу орталығының» бөлім басшысы Бексұлтан Төреханұлы.

Өзгелердің жаңалығы