Бірер апта бұрын «Тазалық табалдырықтан басталады» деген ұранмен Шымкент қаласының студенттері «EcoStudentKZ» челленджін бастап берген болатын, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Көп ұзамай-ақ осы челленджді өзге өңірдің студенттері де қабылдап, оқу корпусының төңірегі мен қала көшелерін тазалауға мықтап кірісіп кетті. Мәселен, кеше Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің белсенді жастары «EcoStudentKZ» челленджін Екібастұз қаласының жастарынан қабылдап, оқу корпустарының төңірегі мен Төле би даңғылы және Ф.Достоевский көшесінің арық-ауласын күл-қоқыстан тазартты.
Орайы келгенде университеттің жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенді жастары замандас достарымен табиғат, қоршаған орта, экологиялық ахуал төңірегінде пікірлесіп, насихат жүргізді.
Белсенді жастардың айтуынша, EcoStudentKZ челленджі – студенттердің ерікті түрде өздерінің ықтиярымен қолға алынған жоба.
Сондықтан мұны қандай да бір бағдарлама немесе жоспардағы іс-шара қатарына қосуға болмайды. Десе де тазалық жұмыстарына жұмылып, бір кісідей араласқан тараздық студенттер қыс түскенше сенбілікке шығып, аумақтарды тазалауға ниетті екенін жасырмады. Расында, еліміздің әр аймағында бас қосып, ортақ іске жұмылған талапты жастардың замандастарын өлкенің табиғатына, өзі тұратын аймақтың тазалығына жанашыр болуға шақырғаны құптарлық бастама, - деп атап өтті оқу орны жастарының жетекшісі Әлихан Қонаев.
Аталған үрдіс бойынша Тараз өңірлік университетінің студенттері эстафетаны Петропавл, Өскемен қалаларының жастарына жолдады.