Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда орын алған қайғылы оқиғалардан, террористік шабуылдар салдарынан елдің бірқатар қаласында адамдар зардап шекті, тіпті қаза тапты. «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев тәртіпсіздіктерден кейінгі еріктілердің жұмысы туралы айтты.
Сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға, шағын және орта бизнеске залал келді. Осы қиын-қыстау кезеңде қазақстандықтар бір-біріне қол ұшын созып, бұзақы топтардың әрекетінен зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған волонтерлік және қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды.
«Ассамблея жастары» ұйымы бір апта ішінде бірқатар ерікті бастамалардың ұйымдастырушысы болды. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы және Талдықорған қалаларында ұйым белсенділерінің күшімен әскери қызметшілер мен коммуналдық қызмет жұмысшылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Меценаттардың қолдауымен Алматы қаласында еріктілер қаланы тазалауға жұмылдырылған қызметкерлерге 110 ыстық түскі ас әкелді. Акцияға этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының көшбасшылары, волонтерлік ұйымдардың өкілдері қосылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының белсенділері коммуналдық қызмет жұмысшыларына сүйікті қаламызға көрсеткен қамқорлығы мен қалпына келтіру жұмыстары үшін алғыстарын білдірді. Әскерилерге және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бейбіт тұрғындардың тәртібі мен тыныштығын қалпына келтіргені үшін рахмет айтты.
«Ассамблея жастары» ұйымының тағы бір бастамасы – тәртіпсіздік барысында зардап шеккендерге донорлық қан тапсыру акциясы болды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Тараз қалаларында өңірлік ҚХА жастары медициналық мекемелерде қан тапсырды. Бұл қалаларда этномәдени бірлестіктердің ондаған өкілі донорлар қатарына қосылды.
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз және мұнда бейбіт өмір болуы үшін бәріміз де жауаптымыз. Сондықтан біздің балалар қан орталықтарына келіп, донор болуға шақыруымызға үлкен ықылас танытты. Біздің адамдық міндетіміз – бір-бірімізге шын жүректен көмектесу. Бұл күндері біздің халқымыз өз бірлігінің мызғымас күшін тағы да көрсетті, бұл әрқашан біздің жетістігіміздің кепілі болды. Жастар ретінде қоғамдағы келісімді мұқият сақтауымыз керек, – деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев.
Оның айтуынша, еліміздің басқа өңірлерінде халық Ассамблеясының жастар көшбасшыларының күшімен волонтерлік топтардың жұмысы ұйымдастырылды, ҚХА өкілдері халық жасақтары құрамына кірді, сондай-ақ ҚХА өкілдері Ұлттық волонтерлік желінің волонтерлік жұмысына қосылды. Қазір ерікті бастамаларды іске асыру жалғастырып жатыр.