Жастар психологқа қандай мәселелермен жүгінеді

Бүгiн, 17:36
107
Бөлісу:
Жастар психологқа қандай мәселелермен жүгінеді
Фото: Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы

Бұл туралы “BF-line – кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі” жобасының жетекшісі Жанат Досжанова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – жастардың болашағына қатысты алаңдаушылығын төмендету, олардың психологиялық денсаулығын нығайту және кәсіби психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін дамыту.

Жоба іске аса бастаған сәттен бастап мамандарымыз 5000-нан астам өтінімді өңдеді. Өткен жылы BFLine.org сайты арқылы 642 клиент кәсіби көмек алды. Ал 2024 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 1800 өтінімнен асып отыр. Бұл жастардың психикалық денсаулықтың маңыздылығын түсінетіндігін, кәсіби қолдау сұраудан қорықпайтынын көрсетеді. Бұл – жастардың өз эмоционалдық күйіне қамқорлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, - деді ол.

Жанат Досжанованың деректері бойынша, жас қазақстандықтар мамандарға көбіне мазасыздық (19%), өзін-өзі бағалаудың тұрақсыздығы (12%) және отбасылық проблемалар (12%) себебінен жүгінген. Сондай-ақ, қажығандықты сезуге (9%), балалар мен ата-аналар арасындағы қақтығыстарға (8%) және қорқынышқа (7%) қатысты өтінімдер де бар.

Біз кәсіби қолдауды Қазақстанның барлық жастарына қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. BFLine.org сайтына түсетін өтінімдердің басым бөлігі 29-35 жас аралығындағы азаматтардан келеді (30%). 24-28 жастағы азаматтардан келген өтінімдер саны 29% және 18-23 жастағы азаматтардан түсетін өтінімдер саны 28% құрайды. Ал 14-17 жастағы жасөспірімдер өтінім бергендердің жалпы санының 13% құрайды. Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жас қолданушылары жиі белсенділік танытады. Бұл өңірлердегі жоғары көрсеткіштер ақпараттық жұмыстың белсенді түрде жүргізумен, жергілікті жастардың психологиялық қолдауға деген мүдделігімен байланысты. Біз бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз, – деді Досжанова.

Айта кетейік, “BF-line – кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі” жобасы “Bilim Foundation” КҚ-ның 2023 жылдан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Жоба аясында 2025 жылы 3000-нан астам онлайн-консультация өткізіліп, оның географиялық аумағы кеңейе түседі деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы