Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті. Осы ретте жазушы Ақберен Елгезек оқырмандардың кітапқа деген қызғушылығы артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жастар кітап оқымайды дегенге келіспеймін. Себебі метроға отырсақ та, саябақтарға барсақ та, жастарымыз қолдарына кітап алып, оқып отырады. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, бізде өзін-өзі тану процесі әлі жүріп жатыр. Оқырмандардың ішінде классик қаламгерлерге сұраныс жоғары. Ол неден байқалады? Егер сұраныс болмаса, баспа ашылмайды. Қазір «Абай» баспасы секілді 3500-ге жуық ірілі-ұсақты баспалар бар. Олар да ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын әдебиеттерді, көрнекті ақын-жазушыларымыздың кітаптарын жарыққа шығарып жатыр. Жастар кітап оқымайды деген бос әңгіме. Кітап оқу сәнге, трендке айналды, – дейді Ақберен Елгезек.
Жазушының сөзінше, оқырмандар драмалық шығармаларды көп оқиды.
Қазір жастарымыз әдеттегідей поэзияны, лириканы көп оқиды. Оқырмандар тарапынан комедия, стендап, тик-ток секілді ойын-күлкіден кішкене жалығу процесі байқалады. Сондықтан драмалық шығармаларды сүйіп оқиды. Әсіресе, қазіргі замандағы образдарды, әртүрлі жағдайларды сипаттайтын шығармаларды оқығанды жақсы көреді, – дейді Ақберен Елгезек.