Жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын университет қабырғасында меңгеру керек – ректор

27 Ақпан 2021, 15:45
3908
Бөлісу:
Жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын университет қабырғасында меңгеру керек – ректор
Сұхбат PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Оқу орнының ең бірінші құндылығы студент деп санаймын. Егер студентке жан-жақты жағдай жасалып, сапалы білім алуына, бәсекеге қабілетті болуына көңіл бөлінетін болса, оның ертеңгі жетістігі елді көтеріп, болашағымызды жарқын етеді. Бұл туралы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы сұхбат барысында айтты.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бірнеше оқу орны ашылды. Соның бірі Алматыдағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті. Құрылғанына биыл 20 жыл толып отырған университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі, онда атқарылып жатқан істер мен жаңа бастамалары жайлы оқу орнының ректоры айтып берді.

Студенттердің стартап идеяларын әрдайым қолдаймыз

- Бүгінгі таңда елімізде инженер, технологтар тапшы. Осы салада маман дайындап отырған бірден-бір университетті басқарып отырсыз. Мамандарды даярлау ісі қалай жүріп жатыр? Жалпы оқу орнында қандай мамандық түрлері бар, тарқатып айтып берсеңіз?

- Қазіргі жаңа кезең білім жүйесіне де жаңа міндеттер қойып отыр. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында білім сапасын жақсарту міндетін қойды. Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті дамыған материалдық-техникалық базасы бар заманауи ғылыми-білім беру кешені. Университет білім беру қызметтері нарығында бағдарламалық инженерия, телекоммуникация, биоинженерия, қайта өңдеу және тамақ инженериясы, экономика, агроазық-түлік техникасы саласында талап етілетін мамандарды даярлауда. Осы тұрғыдан еліміздің дамуын алға жылжытуға үлес қоссақ деген бағыттамыз. Университеттің арнайы мамандандырылуына сәйкес басшылық техникалық мамандықтардың басымдығын республиканың индустриалды дамуының жаңа деңгейіне көтеруді қамтамасыз ететін фактор ретінде қарастырады. Студенттерімізге білікті оқытушы-профессорлар құрамы дәріс береді. Бүгінгі таңда елімізде инновациялық технологияларды дамыту және енгізу қарқынды дамып келеді. Осы орайда университетіміз 2020-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес иновациялық-кәсіпкерлік бағытта білікті мамандар даярлауда.

ҚазИТУ еліміз Тәуелсіздік алған соң құрылған оқу орны. Соңғы екі-үш жылдың төңірегінде университеттің екінші тынысы ашылып, сапа деңгейі көтерілді. Оның бірнеше себебі бар, қазіргі заманның сұранысы да, бүгінгі қойылып отырған талап та әсер етіп отыр. Университет бакалавр бойынша 19, магистратурада 6 білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындайды. Алдағы уақытта қазіргі сұранысқа сай тағы бірнеше жаңа білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Биылдан бастап жаңа мамандықтар тізімі жасалды, оның ішінде келешекте қажетсіз болып қалатын, өзгеріске ұшырайтын және сұранысқа ие мамандықтар туралы мәлімет берілген. Өзгеріске түсетін және жаңа мамандықтар бойынша осы жылы Ресейдің топ университеттерімен бірігіп жұмыс істеуді қолға алып жатырмыз. Білім, ғылым және инновация үштігін негізге алып отырмыз.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 13.57.52 (1).jpeg


Білім ордасы 2020 жылы «Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз агенттіктің» халықаралық институционалдық аккредитациясынан үздік өтті және Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі жүргізген Қазақстан Республикасының талапқа сай жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде топ-15-ке кірдік.

Университеттің бакалавр және магистратура бойынша барлық білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен, "Атамекен" ҰКП құрамына кіретін заңды тұлғаларымен келісілген. Оған Ресей, Германия, Словения сияқты мемлекеттер мен еліміздегі жетекші кәсіпорындардың өкілдері де қатысып, білім беру бағдарламасының құрылымы, мазмұны кәсіби эксперттердің пікір-ұсыныстарымен толықтырылып келеді.

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен байланыс орнатылған деп отырсыз, олар студенттерге бизнес жайлы мағлұмат беріп отыра ма?

- Иә, университеттің 2025 жылға дейінгі өз даму бағдарламасы бойынша ұжым жұмыс жасағанда біз орналасқан Алматы қаласының шағын және орта бизнес орталығы екені де ескерілді деп айта аламын. Негізінен бет алып бара жатқан бағытымыз – инновациялық, кәсіпкерлік жолы. Көп жағдайда оқу бітірген студенттер бірден жұмыс таба алмай жатады. Біздің алған бағытымыз студенттер университетті бітірген кезде өзінің жеке кәсібін аша алтындай да мүмкіндігі болу керек. Жақында Бизнес инкубатор ашылып, жол картасы жасалды. Мәселен, бастапқы кәсіпкерлерге қандай қолдау бар екенін екінің-бірі біле бермейді. Міне, біз соның барлығын жүйелеп жеке пән ретінде оқытып отырмыз. Оның теориялық жағын меңгерген соң инвестиция құятын тұсын да игеріп шығады. Университет қабырғасында ғылыми-зертханамыз бар, студенттер бастамаларын сол жерде зерттеуден өткізіп, кейін оны нарыққа қалай шығару керек жолын меңгереді. Студенттердің кейбір ғылыми жобаларына, стартап идеяларын іске асыруға университет тарапынан қолдау көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар студент егер өз кәсібін немесе өндіріс орнын ашатын жағдай болғанда оның құжаттарын қалай рәсімдеу керек, қалай заңдастыру керек, патенттеу, сертификаттау мәселесінің бәрін осы университет қабырғасында меңгеріп шығады.

- Халықаралық оқу орындары, өндіріс орындарымен тәжірибе алмасуда әріптестік байланыстар орнатылған ба?

- Әрине, университет халықаралық оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Студенттеріміз сыртқы академиялық ұтқырлық шеңберінде Хубей технологиялық университетінде (ҚХР), Кастамон университетіне (Түркия) білім алып келді. Дәл Қазақ-Орыс университетінің студенттері ішкі академиялық ұтқырлық шеңберінде ҚазИТУ-да оқудан өтті. Соңғы екі жылда шетел оқу орындарында тәжірибеден өту, академиялық алмасу және ғылым-білім саласында әріптестік орнату, ынтымақтастық туралы шарттар, келісімдер мен меморандумдардың соңғы екі жылда аясы кеңейді. Германия, Қырғызстан, Түркия, ҚХР, Өзбекстан, Ресей университеттерімен халықаралық байланыс дамыды. Қазіргі таңда шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленуде.

Студенттердің санымен қатар сапасы да артты

- Соңғы жылдары инженер, техник, технолог мамандарына мемлекеттік грантты көптеп бөліп, басымдық берілгені белгілі. Соның нәтижесінде осы оқу орнын таңдаған жастар саны артты ма?

- Бізге тапсыратын студенттердің саны кейінгі екі жылда жоғары қарқынмен өсті. Грант иегерлерінің саны 3 есеге, ал ақылы бөлім студенттар саны 1,5 есеге артты. Бұл жерде тек сандық жағынан емес, сапасы жағынан да өсіп отырғанын айтқым келеді. «Алтын белгімен» келетіндердің саны осыдан 3 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 100 есе көп. Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары көптеп келуде. Бұның бәрі ұжымның кәсіби бағдар беру бойынша мектептермен, колледждермен жүйелі де мақсатты жүргізген жұмысының арқасы. Сондай-ақ сапалы контенттің аталған мамандықты таңдауға бет бұруы еліміздің осы саласын дамытуға үлес қосады деген үміттеміз.

Мамандықты дұрыс таңдау, кәсіби маман болу тұрғысынан мектеп оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беріп отырамыз. Осы бағытта онлайн режимде «ҚазИТУ мектебі» жұмысын бастады. Оқушыларға осы мектеп жұмысы арқылы университетіміздің білікті оқытушы-профессорлар құрамы консультация береді. Сонымен қатар университетімізде үшінші жыл қатарынан республикалық «ҚазИТУ-Зерде» пәндік олимпиадасы тегін өткізіліп келеді. Екі сатыдан тұратын олимпиаданың жеңімпаздары жыл сайын ҚазИТУ грантын жеңіп алып, тегін оқу құқығына ие болса, жақсы нәтиже көрсеткендер 50 пайызға дейін оқу ақысына жеңілдікке ие болып келеді.

- ҚазИТУ Академ қалашықта орналасқан, осы жердегі институттармен байланыс орнатылған ба?

- Жақсы сұрақ, рахмет. ҚазИТУ - Алматы қаласындағы академқалашықта орналасқан бірден-бір университет. Оқу орнының Академқалашығында орналасуын ұтымды пайдаланудың арқасында бізге үлкен пайдасын тигізіп отыр. Бізде тәжірибелік жұмыс ғылыми және өндірістік деп екіге бөлінген, ғылым жолын таңдағандар осындағы ғылыми институттарға барады, ал өндірісті қалайтындар бізбен келісімшарт жасасқан өндіріс орындарына барып біліктіліктерін арттырады. Студенттердің тәжірибелік жұмысына үлкен көңіл бөлеміз. Теориялық білім алып, ертең өндіріске барғанда ненің не екенін білімей тұрмасын дейміз. Қалашықта орналасқан ғылыми-зерттеу институттары биотехнология, биоинженерия және биоинформатика, технологиялық машиналар мен жабдықтар, жеміс-көкөніс шаруашылығы және агрономия, азық-түлік өнімдерінің технолгиясы сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бірлесе маман дайындауда жетістіктерге жетіп келеміз.

Жаңа мамандықтар

- Өмір ағымына бейімделіп, заман сұранысына қарай маман даярлау керек деп отырсыз. Осы жаңак мамандықтар жайлы айтып берсеңіз?

- «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел», - дейді Абай. Еліміздің өркениетті даму жолының бүгіні мен болашағында қай саланың мамандары сұранысқа ие болады, олардың құзіреттері мен дағдылары қандай болуы керек деген сұрақтар туатыны сөзсіз. Осы орайда елімізде «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасы жүзеге асырылуы қолға алынғанын айта кеткім келеді. Бұл жобаның маңыздылығы жастардың мамандық таңдауымен қатар алдағы уақытта елімізде сұранысқа ие болатын кәсіптерді ашып, меңгеруге көмектеседі. Жаңа мамандықтар атласын құруға өнеркәсіп, салалық қауымдастықтардан, профильді министрліктерден екі мыңнан аса сарапшылар қатысқан. Атлас – алдағы 5-10 жылда сұранысқа ие болатын және жаңадан пайда болатын мамандықтар жинағы. Жаңа мамандықтар атласы мынадай мазмұнға сай келеді. Әзірге ресми түрде жоқ, бірақ келешекте пайда болуы әбден ықтимал мамандықтар. Трансформацияланатын мамандықтар – қазір бар, бірақ келешекте өзгеріске түсуі мүмкін мамандықтар. Сондай-ақ жоғалатын мамандықтар – болашақта сұранысқа ие болмауы мүмкін мамандықтар. Барлық мамандықтың болашақтағы дағдыларды қалыптастыратын өз құзіреттері бар. Біз де жаңа мамандықтарды ашқанда оларды негізге алудамыз: жүйелі ойлау, салааралық коммуникация, экологиялық ойлау қабілеті, үнемді өндіріс, процестер мен жобаларды басқару қабілеті, тұтынушыға ыңғайлану, программалау, робототехника, жасанды интеллект, шығармашылық, көптілділік пен мультимәдениет.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 13.57.54 (2).jpeg


ҚазИТУ білім беру бағдарламаларын қайта қарап, болашақ сұранысына жауап беруде өзгеріске түсетін және жаңа мамандықтар жайында жұмыс жасап келеді. 2020-2021 жылы «Биоинженерия және биоинформатика» білім беру бағдарламасы ашылса, 2021 жылы «Тамақ өндірісінің технологиялары және инжинирингі», «Бағдарламалық инженерия», «Электр инженериясындағы ақпараттық технологиялар», «Экономикадағы ақпараттық және инновациялық технологиялар» білім беру бағдарламаларын ашуда жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа ашылған мамандықтарға, негізінен, ақпараттық жүйелерді және инженерлік мамандықтарға компьютерлік жүйелерді енгізуге және салаларалық байланысына басымдық танытып отырмыз. Сонымен қатар IТ мамандар дайындауда маман шеберлігімен қатар шығармашылық қабілетін арттыруға да үлкен рөл беріледі.

Білім ордамыз Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандарды дайындауда да ілгері дамып келеді. Бірқатар оқу бағдарламалары толығымен қайта қаралып, студенттердің тәжірибеден өту уақыты мен сағаты жұмыс берушілер сұранысына орай көбейтілді.

Оның үстіне оқу үдерісін білім-ғылым-инновация үштігінің біріккен жағдайына бейімдеп келеміз. Осы орайда елімізге белгілі ғалымдармен, кәсіпкерлер мен озық технологияны кең пайдаланып жүрген жұмыс берушілермен кездесу, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған.

Қорыта айтқанда, ҚазИТУ маман дайындаудың жаңа моделінде бакалавр деңгейінде фундаментальді пәндерді терең оқыту, білім алушылардың ғылыми жұмыстарына кеңінен қолдау көрсету, университеттің технологиялық платформасында практикалық дағдыларды алуға барынша жағдай жасау, ауылшаруашылық жұмыстарының уақытына негізделген академиялық кесте, білім алушылардың жеке және кәсіби мақсаттарымен үндесетін құзіреттерін қалыптастыруда жекелеген оқу траекториясын жасауға үлкен мән беруде.

- Оқу орнын бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу жағы қалай?

- Университет бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына әрдайым қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналастыру мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында маркетинг, мансап, жастар саясаты және кәсіптік бағдар департаменті жұмыс жасайды.

Брюс Бартон «Ұсақ нәрсенің кесірінен үлкен салдар туатынын көрген сайын ойланамын... Меніңше, ұсақ нәрсе деген болмайды», дейді. Бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар кешені олардың университ табалдырығын аттаған күнінен басталады деуге болады. Оларды жүзеге асыру тізбегі әр кафедралардың жұмыс жоспарына енгізілген. 1 курста «Мамандыққа кіріспе» курсы, оқу процесін тиімді жоспарлау, практикадан өтудің ғылыми немесе өндірістік бағытын таңдау, жұмыс берушілер өкілдерінің мастер-кластары, ашық лекция-семинарлары ұйымдастырылады, түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында ғылыми-зерттеу институттарымен және жұмыс берушілермен бірлескен қызмет туралы шарттар бекітіледі. ҚазИТУ өз аумағында және қалалық, халықаралық «Мансап жәрмеңкесіне» қатысып келеді. Жыл сайын университет түлектерінің жұмысқа орналасуы бойынша мониторинг жүргізіліп отырады. Мысалға, 2019-2020 жылы түлектердің жұмысқа орналасуы жайлы мәлімет «Азаматтарға арналған үкімет» «МК» КЕАҚ-нан сұрау салу арқылы алынды. Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» «МК» КЕАҚ филиалының мәліметі бойынша түлектердің шамамен 80%-ы жұмыспен қамтылған.

Студенттердің ғылыммен айналысуына бар жағдай жасалған

- Бұл мамандық иелері теориямен қатар тәжірибе жинап, өндіріске араласуды қажет ететін сала. Өндірісте жұмыс істеп жатқан студенттер бар ма?

- Қазіргі таңда біздің студенттер оқу сабақтарының, ғылыми тағылымдамалардың, кәсіптік практиканың барлық түрлерінен өту үшін зертханалық базаны ұсынатын ғылыми-зерттеу институттарына бара алады. Атап айтқанда Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау технологиясы зертханасы, Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану жəне агрохимия ғылыми-зерттеу институты. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, Адам және жануарлар физиологиясы институты.

Жалпы генетика және цитология институттарымен тығыз қарым-қатынас ұстай отыра, талапқа сай, сұранысқа ие мамамандар даярлау арқасында, қазіргі кезде түлектеріміз ғылыми-зерттеу институттарында, серіктес кәсіпорындарда табысты жұмыс істейді.

Университеттің екінші оқу корпусының бір қабаты толығымен зертханалық базамен қамтылған. Онда ғылыми-зертхана мен шағын цехтар орналасқан. Студенттер өздерінің идеясын сонда жетілдіріп, өндірістік жолға қоюмен айналысады. Ал, цехта оны өндіріп, сол жерде қорабын, орамасына дейін жасап шығады. Бір сөзбен айтқанда дайын өнім етіп әзірлеп шығара алады. Одан кейін дайын өнімді нарыққа қалай шығару керек, қандай құжаттарды рәсімдеу керек соның бәрін осы университет қабырғасында меңгеріп шығады.

Студенттер тағам өнімдерінің технологиясын әзірлеу бойынша көптеген жұмыстарын сынақтан өткізіп, пайдалы өнім жасау бағытында ізденеді. Жақында бір студентіміз өзі ойлап тапқан нан түрін паттентеуге кірісті. Ол нан өнімдерін ашытқысыз, пайдалы биологиялық қоспа арқылы жасауды ұсынды.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 13.57.54 (1).jpeg


Сондай-ақ жұмыс берушілермен кездесулерді жиі өткізіп тұрамыз, онда білім беру бағдарламаларының қажеттілігі, түлектерді жұмысқа орналастыру туралы өзекті мәселелер талқыланады.

Университеттің материалдық-техникалық базасы зертханалық-практикалық сабақтардың барлық түрлерін, білім алушылардың ғылыми–зерттеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді және қолданыстағы санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келеді. Өткен жылы ғана тәжірибелік зертханалар базасы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда студенттердің тәжірибелік сабақтарын өткізуіне қажет соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған 9 зертхана жұмыс істеп тұр. Университет түлектері жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ғылыми-зерттеу орталықтары өндіріс орындарымен қатар, «Халық банкі» АҚ, «Қазақтелеком» ЖШС, «Казтелерадио» ЖШС, «Таукен энерго» ЖШС-і және тағы басқа ірі мекемелерде жұмыс істеп жатыр.

Пандемия цифрландыруға көшуді жылдамдатты

- Былтырдан бері пандемияға байланысты оқу жүйесі қашықтан оқытуға көшті. Қашықтан оқыту барысы қиындық тудырмады ма және қандайда бір тәжірибе жинадыңыздар ма?

- Қандай қиындық болса да білім беру процесі үздіксіз жүреді. Пандемияға дейін қашықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған еді.   Қашықтан білім беру жүйесі елімізде төтенше жағдай кезінде толықтай қолданылып, жаңа бір үрдіс сияқты көрінгенмен біздің университеттің базасында бұл тәжірибе 2 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап универсиетіміз қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқытуды сапалы ұйымдастыру жолдарын күшейту арқылы жаңа академиялық мәдениеттің қалыптасуына нақты қадамдар жасадық. Енді «қашықтан оқыту» ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалды.

ҚазИТУ білім беру жүйесінің негізгі үш бағытына басымдық берді: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті және білім беруді басқаруды цифрландыру.

Студенттерге қашықтан оқыту режимінде нәтижелі де сапалы  жұмыс жүргізу үшін арнайы қашықтан оқыту білім порталы іске қосылды. Қашықтан оқытуда танымал әлемдік бағдарламалар – Platonus, Moodle, Zoom платформалары мен қатар өзіміздің ақпараттық жүйелерді пайдала отырып оқу үрдісін тиімді жүргізіп келеміз. Қазіргі уақытта аталған кез келген платформаны еркін қолдана аламыз. Оқытушы-профессорлар құрамы студенттерге онлайн дәрістер түсіріп, кез келген уақытта қол жетімді болатындай Moodle және университеттің youtube каналына салынып отырды. 2019-2020 жылдары өзектілігі жоғары болған бір терезе қағидаты бойынша жұмыс жасайтын Студенттерге қызмет көрсету орталығы қызметі толық цифрлық жүйеге көшті. Студенттерге қажетті құжаттарды жедел және онлайн алу мақсатында KazETU автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің "Онлайн офис-тіркеуші" жүйесі әзірленді. Студентке тиісті құрылымдық бөлімшелерге немесе жауапты тұлғаларға бармай-ақ, жеке деректерін жүйеге тіркеу электронды жұмыс парақшасында студент өзінің мәртебесін қашықтан қадағалап, тиісті құжаттарды ала алады.

WhatsApp Image 2021-02-22 at 13.57.53 (2).jpeg


Сонымен қатар көптеген әкімшілік жұмыс та қашықтан атқарылатын болды. Мәселен, бұрын студенттер диплом алар кезде үлкен кезекте тұрып ешқандай қарызым жоқ деген есеп беретін. Оның барлығы қазір цифрландырылды, студенттерге мұнда келудің қажеті жоқ, үйінде отырып-ақ жасай береді. Кез келген анықтаманы смартфонмен өтінім беру арқылы ала береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», деген тапсырмасын орындауда ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін оларды оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жүйелі жұмысы үлкен көмек болып отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінде университетімізде электронды кітапханаға қолжетімділік бар, онлайн ректорат, онлайн офис-тіркеуші, онлайн Студенттер үйі, виртуалды зартханалар жұмыс жасайды. Онлайн және аралас оқу үдерісін үздіксіз жүргізу үшін серверлік инфрақұрылым қуатын ұлғайттық, қосымша компьютерлік техникалар сатып алдық, жаратылыстану-ғылыми білім беру бағдарламалары үшін зертханалар жаңартылды, бұлтты қызметтерді күшейттік.

- Студенттерді жатақханамен қамту жағы қалай жүріп жатыр?

- Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 сәуірдегі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің 3 әлеуметтік бастамасы «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» негізінде елімізде бірінші болып жатақхана салып, оны пайдалануға берді. Университетте студенттің алаңсыз, толыққанды білім алуы үшін алыс өңірден, әсіресе ауылдан келген білімалушыларғае олардың сұранысын толық қамта­масыз ететін, заман талабына сай «Studhouse» (жатақхана) 2018-2019 оқу жылында есігін айқара ашты.

Дэвид Старр Джордан «Жер бетіндегі жетістіктің бәрі – дұрыс өмір салтының жемісі» деген. Студенттер үйінде Жастардың ресурстық орталығы, заманауи техникамен жабдықталған мәжіліс залы, асхана, хореография, вокал, фитнес зал, дебат орталығының кіші залы, коворкинг орталығы жұмыс істеп тұр. Жалпы аумағы 3000 шаршы метрден астам бес қабатты ғимаратта студенттердің алаңсыз білім алуына жағдай жан-жақты қарастырылған. Қазіргі таңда пандемия жағдайына байланысты Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, студенттер үйі орындарының 50%-на ғана студенттер орналастырылды. Студенттердің өтініштер мен қажетті құжаттарды онлайн беруіне арналған университет сайтында электрондық платформа - "Онлайн студенттік үй" жүйесі әзірленді. Онлайн режимінде студенттік үйге орналасуға өтінім беру ұзын кезектер мәселесін ұмытып, өтініш берушілердің өздері құжаттарды толтыруға уақытты үнемдеуге, орналасу кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Студенттерді жатақханаға орналыстыру» ережесіне сәйкес өтініштер Жастар ұйымдары комитеті өкілдері қатысуымен арнайы құрылған комиссия отырысында қаралып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағыларға бірінші кезекте орындар беріледі. Соның ішінде мемлекеттік грант иегерлері, Алтын белгі иегерлері, әлеуметтік жеңілдіктері бар студенттер (асыраушысынан айырылған, көп балалы, аз қамтылған отбасы балалары), жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарын, жетім балалар, спорттық жарыстардың, шығармашылық байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары, «ҚазИТУ-Зерде» республикалық пәндік олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бірінші кезекте ережеге сәйкес студенттер үйіне орналастырылды.

Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», - деді. Тәуелсіз еліміздің өркениеттілік жолында адам ресурсын дамытуда білімнің сапасын арттыру, ғылыми-инновациялық, оқу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытумен қатар студентке негізделеген әдіс-тәсілдерді енгізе отырып даму оқу орнымыз үшін өте маңызды.

Сапалы білімнің кілті - тәрбиеге негізделіп берілетін білім. Университетіміздің басты құндылығы студенттің ертеңіне сенімділігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда оған жан-жақты жағдай жасап, сапалы білім алуына көңіл бөлінетін болса, ол студент жетістігімен өзін, университетті, елді көтеріп, жалпы болашағымызды жарқын етеді, еліне қалтықсыз қызмет етеді. Сондықтан жастардың кез келген игі бастамаларына әрдайым ашықпын.

- Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы