Акушер-гинеколог: Жасанды түсік жасату күнәсі дәрігердің мойнында емес

Акушер-гинеколог: Жасанды түсік жасату күнәсі дәрігердің мойнында емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жүкті әйелдердің әрбір бесіншісі жасанды түсік жасатады. Жүктілікті үзу күнәсі кімнің мойнында? Жүктілікті қай апта аралығында үзуге болады? Бала көтере алмаудың басты себебі неде? Жасанды түсікке қатысты осы және басқа да сұрақтарға №3 перинаталдық орталығының Науқастарды қолдау және ішкі аудит бөлімінің жетекшісі, акушер-гинеколог Шакизат Халықова жауап берді.

BAQ.KZ: Аборт деген не? Оның қандай түрлері бар?

Шакизат Халықова: Жүктілікті үзудің екі әдісі бар: медициналық және хирургиялық жол. Жүктілікті үзу жүкті әйелдің қалауы бойынша етеккір тоқтағаннан кейін 12 апта мерзім аралағында жасалады. 12-22 апта аралығында жүктілікті үзу медициналық көрсеткіш бойынша, яғни ананың денсаулығына қауіп төнген немесе нәрестенің туа бітті ақауы болуы мүмкін жағдайда жасалады. Қазақстанда жүктілікті үзу ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша медициналық мекемелерде жүргізіледі.


BAQ.KZ: 12 апталық ұрықтың жүрегі соға ма? Соқса, ол адам болып санала ма?

Шакизат Халықова: Әлемдік медицинада етеккір тоқтағаннан кейін 21 күннен бастап ұрықтың жүрегі соғатыны дәлелденген. Жалпы жүктіліктің нақты мерзімін ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтайды. УДЗ (УЗИ) арқылы жүктіліктің 5-6 аптасында жүректің соғуын анықтауға болады. Жалпы, жүктілікті үзуге келген әйел ұрықтың жүрегі соғып тұрғанынан хабардар болады.

BAQ.KZ: Жасанды түсік жасатуға келген әйелді райынан қайтару үшін қандай да бір әрекет жасап, сұрақтар қоясыздар ма?

Шакизат Халықова: Акушер-гинекологиялық салада 23 жылдық жұмыс өтілім бар. Жасанды түсік жасатуға келген әйелдердің 90%-ы отбасымен ақылдасып, ортақ шешімге келген соң бізге келеді. Алдымызға келген әйелден бұлай етуге не себеп болғанын сұрап, райынан қайтаруға тырысып, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Мен көбінесе жүкті әйелдермен жұмыс істедім. Жасанды түсіктің зиянын айтып, жүктілігін үзгелі тұрған жас қыздардың ойынан айнуына себепші болған кездерім де болды. Кейін келіп, алғыс айтатындары да бар. Ал жүктілік әйел денсаулығына қауіп төндіретін жағдайда "Денсаулық жағдайыңызға байланысты жүктілікті сақап қалу мүмкін болмай тұр" немесе "Сәбиіңіз өмірге келгенмен, туа бітті ақаумен тууы мүмкін" деп жасанды түсік жасату туралы ұсынысты өзіміз айтамыз. Мұндай жағдайда да шешімді әйел мен оның отбасы қабылдайды.

BAQ.KZ: Жүктілікті қандай маман үзеді?

Шакизат Халықова: Жүктілікті үзу акушер-гинекологтың ғана құзырында. Жасанды түсік жасатпас бұрын әйел толық медициналық тексерістен өтіп, қарсы көрсеткіш бар-жоғы анықталған соң барып дәрігер шешім қабылдайды.

BAQ.KZ: Медициналық құралдардың көмегімен жасанды түсік жасаған дәрігер қандай сезімде болады? Оның діни, адамгершілік ұстанымы жұмысына кедергі болатын кездер бола ма, әлде оны жұмысының бір бөлігі деп қабылдай ма? 

Шакизат Халықова: Студент кезімде мені де "Сәбидің өмірге келуіне кедергі келтіру қалай болады?" деген сұрақ мазалайтын. Мәселенің екінші қырынан қарайтын болсақ, ата-анасының қалауынсыз дүниеге бақытсыз баланың келуінен гөрі, өмірге келмегені жақсы болуы мүмкін. Діни тұрғыда да, адамгершілік тұрғыда да бұл жерде күнә мен жауапкершілік жасанды түсік жасататын әйелдің мойнында. Дәрігер тек көмек көрсетуші ғана.

BAQ.KZ: Жүктілікті үзу әйелдің ғана жуапкершілігінде ме? Бұл жерде ер адамның жауапкершілігі қайда қалады?

Шакизат Халықова: Негізінде жауапкершілік әйел мен еркекте бірдей болуы керек. Ер адам бар жауапкершілікті әйеліне артып қоюына болмайды. Жүктіліктен қорғану жолдарын әйел ғана емес, еркек те білуі керек. Егер отбасына бала керек емес болса, ХХІ ғасырда жүктіліктен сақтану жолдары өте көп.

BAQ.KZ: Жасанды түсік жасатудың ең көп кездесетін себебі қандай?

Шакизат Халықова: Қазіргі уақытта некесіз жүкті болып, жасанды түсік жасатқысы келетін жас қыздар көп. Олар ата-анасынан қорқады немесе сәбиді жалғыз бағып-қағуға тәуекел ете алмайды. Біз оларға бірінші жүктілікті үзуден кейінгі асқынулар туралы айтамыз. Бүгінгі таңда бала көтере алмай жүрген әйелдердің бала көтере алмауының басты себебі – бірінші сәбиіне жасанды түсік жасауы. Екінші себеп – әлеуметтік себеп. Мысалы, отбасылы, бірақ баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ және бірнеше баласы бар әйелдер.

BAQ.KZ: Елімізде жүкті әйелдердің қаншасы жасанды түсік жасататыны туралы мәлімет бар ма?

Шакизат Халықова: Қазіргі таңда елімізде әрбір бесінші жүкті әйел жүктілікті үзуге мәжбүр, яғни 100 жүкті әйелдің 20-сы жасанды түсік жасатуда. Жүктіліктен сақтану жолдары туралы қаншама ақпарат беріліп, қаншама акция өтіп жатыр. Өкінішке қарай, іс жүзінде оны ешкім қолданбайды. Отбасылық жағдайы нашар, білімсіз әйелдер ғана емес, оқыған-тоқыған, жағдайы жақсы әйелдер де жасанды түсік жасатады. Демек, басты себеп – қорғану әдістерін біле тұра қолданбау, "Басқаның басында болса да, менің басымда болмайды" деп саяз ойлау.

BAQ.KZ: Жұмыс барысындағы есіңізде ерекше сақталып қалған жағдай туралы айтып бере аласыз ба?

Шакизат Халықова: 15 жыл бұрын болған оқиға есіме түсіп отыр. Менің алдыма тұрмысқа шықпаған қыз келіп, жасанды түсік жасатқысы келетінін айтты. Медициналық тексеру барысында мен егер ол жүктілікті үзсе, қайтып бала көтере алмайтынын анықтадым. Тіпті осы жүктілігінің өзі ол үшін ғажайып құбылыс болып саналуы керек болатын. Оған бұл жүктілік Алланың сыйы екенін, жасанды түсік жасатса, енді қайтып бала көтеру мүмкіндігінен айырылатынын айттым. Ол ойланып, жүктілікті үзбейтіні туралы шешім қабылдағанын айтты. Кейін аман-есен босанып, басқа қалаға көшіп кетті. Тұрмысқа шықты, бірақ әлі күнге дейін екінші бала сүйе алған жоқ. Ол осы баласын сақтап қалуға себепші болғаным үшін маған алғыс айтады.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Видео: Кенжетай Ақсейітов
Бөлісу:

Фото: BAQ.KZ