Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жасанды интеллект қала өмірін қалай өзгертеді? – Google өкілімен сұхбат

Олжас АДАЙ
11 Тамыз 2025, 17:24
2376
Бөлісу:
 жасанды интеллект/ BAQ.KZ
Фото: жасанды интеллект/ BAQ.KZ

Google корпорациясының Қазақстандағы агенті Нұржол Табиғат ЖИ қалалық инфрақұрылымды басқаруды жақсартып, компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

– Жасанды интеллектіні қала жолдарында және үкіметтік ұйымдарда қолдану қандай артықшылық береді?

– Егер жасанды интеллект қаланың жол қозғалысын басқару жүйесіне енгізілсе, ақпарат беру жылдамдығы мен тиімділігі артады. Бірінші артықшылығы – жол ережелерін сақтау деңгейі жақсарады және оны қадағалау жеңілдейді. ЖИ жылдық статистика жинап, қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, кейбір аймақтарда көлік кептелісі жиі орын алуы немесе жол-көлік оқиғаларының көбеюі мүмкін. Мұндай деректерді талдай отырып, ЖИ тиімді шешімдер ұсына алады.

Сондай-ақ, қылмысқа қарсы күресте де пайдасы зор. Егер біреу көлік ұрласа, ЖИ оның қозғалыс бағытын, жүрген жолын анықтап, ізін кесуге көмектеседі. Бұл полиция жұмысының жеделдігі мен тиімділігін арттырады.

Екінші маңызды тұсы – адами фактордың азаюы. Адам кейде заңбұзушылықты байқамай қалуы немесе әдейі өткізіп жіберуі мүмкін. Ал автоматтандырылған жүйе әр жағдайды мұқият және жүйелі түрде бақылайды, субъективтілікке жол бермейді.

Жасанды интеллект қала өмірін қалай өзгертеді? – Google өкілімен сұхбат
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Қазақстандағы ЖИ дамуы мен әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Қазір жасанды интеллект маңызды магистральдарда ғана емес, құрылыс алаңдарында, ғимараттарда да қолданылып жатыр. Үкімет елімізге суперкомпьютер орнатып, бұл бағыттағы дамуды жеделдетті. Бұл – жоғары қарқынның белгісі.

Кадр мәселесіне келсек, бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. ЖИ саласында мамандар саны артып келеді. Әрине, толық шешілген жоқ, бірақ біртіндеп оң бағытта дамып жатыр.

Менің ойымша, Қазақстанда қоғамның негізгі қажеттілігін қамтамасыз ете алатын технологиялық әлеует бар. Тек бір жайтты ескеру керек: технология өте тез дамиды, бірақ адамдардың оны меңгеру қарқыны әртүрлі. Жаңа жүйеге бейімделу уақыты қажет болады.

– ЖИ жұмыс орындарына қалай әсер етеді?

– Көпшіліктің алаңдаушылығына қарамастан, ЖИ жұмыс орындарын қысқартудан гөрі, керісінше, мамандардың басты көмекшісіне айналады. Ол жұмыс барысын бақылайды, деректерді жинайды және қорытынды есептер жасайды.

Мысалы, компанияларда ЖИ-дің көмегімен әр қызметкердің тиімділігін бағалап, ішкі бәсекелестікті арттыруға болады. Адам үшін үлкен көлемдегі ақпаратты есте сақтау қиын, ал ЖИ үшін бұл қарапайым міндет. Ол тек есеп-қисапты жүргізіп қана қоймай, медицинада, ғарышта, ауыл шаруашылығында да жұмысты оңтайландырады. Бұл мемлекет дамуына арналған жолды жеңілдетеді.

– Жасанды интеллект адамды толық алмастыра ала ма?

– Толық алмастырады деп айтуға болмайды. Бірақ қайталанатын және көп уақыт алатын міндеттерді – деректерді жинау, өңдеу, құжат рәсімдеу – ЖИ тез әрі дәл орындайды.

Сонымен қатар ЖИ әртүрлі параметрлер бойынша бағалау мен есептеулер жүргізе алады. Дегенмен, оның техника екенін ұмытпау керек. Біз оған нақты әрі дұрыс ақпарат енгізуге тиіспіз. Егер қате немесе жалған дерек көп болса, салдары ауыр болуы мүмкін. Сол себепті ЖИ жұмысын бақылау әрқашан қажет.

– Қала тұрғындарының ЖИ-ге деген сенімін қалай арттыруға болады?

Қазір ЖИ-дің кейбір өнімдері шынайы дерекке ұқсап, адамдарды шатастырады. Бір қарағанда сенімді көрінуі мүмкін, бірақ айырмашылығын дер кезінде ажырата білуіміз керек.

Сенімді арттырудың басты жолы – бастапқы дереккөзге жүгіну. Азаматтар сыни ойлау дағдыларын дамытуы тиіс. Әсіресе фото және видео материалдарға абай болу қажет. Себебі ЖИ арқылы жасалған кейбір контент жалған ақпаратты шынайы етіп көрсетуі мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы Қытай ұсынған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Дүниежүзілік ұйым құру бастамасына қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады

Сондай-ақ, аталған жиын барысында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті.

Өзгелердің жаңалығы