Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жасанды интеллект министрлігі немен айналысады?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
9 Қыркүйек 2025, 10:50
680
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның цифрлық болашағына қатысты бірқатар маңызды жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.

Бұл жаңа ведомство Қазақстанды цифрлық және технологиялық көшбасшылар қатарына қосуға бағытталған шешімдердің орталығына айналады, - деді Мәдиев.

Ал инновациялық саясатқа жауапты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне өтеді. Жаңа құрылымдарды бекітуге арналған Жарлық жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдардың келісуінде жатыр.

Министрдің сөзінше, цифрлық құқықтық базаны қалыптастыру бағытында Цифрлық кодекс жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Кодекс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде GitHub платформасында жарияланып, барша қоғамға қолжетімді болады. Құжатты пысықтау жұмыстары Мәжіліс жанынан құрылған құзыреттер орталығының негізінде жүргізілуде.

Кодекс нақты мерзімінде қабылданады және цифрлық Қазақстанның құқықтық қаңқасына айналады, — деп атап өтті министр.

Министрдің айтуынша, болашақтың технологиялық орталығына айналуы тиіс Alatau City жобасы аясында Smart City архитектурасы әзірленіп жатыр. Бұл жобада жасанды интеллект, криптовалюта және өзге де озық технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін құқықтық база (НҚА) жасалады.

Реттеуші интеллект орталығының жұмысы аясында ұлттық жасанды интеллект платформасына және суперкомпьютерлік қуаттарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұл орталық цифрлық заңнамаларды оңтайландырып, жасанды интеллект көмегімен мемлекеттік шешімдерді әзірлеудің жаңа кезеңіне жол ашады, - дейді Мәдиев Үкімет отырысында.

Министр Digital Qazaqstan стратегиясы бойынша үлкен дайындық жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, 72 саланы қамтитын 19 цифрлық трансформация картасы әзірленген. Бұл карталар:

  • Мемлекеттік жоспарлаудың негізгі көрсеткіштері,
  • e-Otinish жүйесіндегі деректер,
  • Халықаралық үздік тәжірибелер негізінде жасалған.

Мұндай тәсіл аймақтарда да қолданыла бастады – Қостанай облысында алғашқы өңірлік карта бекітілді, қалған өңірлер 1 қарашаға дейін өз карталарын ұсынатын болады.

Бұл барлық цифрлық өзгерістердің біртұтас және жүйелі жүргізілуіне мүмкіндік береді, — деді Мәдиев.

Барлық осы бастамалар 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған жаңартылған Digital Qazaqstan стратегиясының іргетасын құрайды.

Бұған дейін Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы